Қазақстанда ең жоғарғы 2,4 млн теңге жалақыны қандай дәрігерлер алады?

Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын дәрігерлер пластикалық ота жасайтын хирургтар емес, жақ-бет хирургтері болып шықты. Олардың орташа айлық жалақысы 2,4 млн теңгеге жеткен.

Pixabay.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ұлттық статистика бюросы мәліметтеріне сүйенген DataHub сарапшылары мәлімдеді.

Ал пластикалық хирургтер жалақы мөлшері бойынша екінші орында тұр. Олар айына орта есеппен 2,1 млн теңге алады. Осылайша, Қазақстанда орташа айлық табысы 2 млн теңгеден асатын дәрігерлердің қатарында әзірге осы екі мамандық қана бар.

Үздік үштікті айына орта есеппен 1,3 млн теңге алатын цитопатологтер түйіндейді.

Ал жоғары жалақы алатын дәрігерлердің ондығына төтенше жағдайлар медицинасы мен апаттар медицинасының дәрігерлері, комбустиологтер, кардиологтер, рентгенохирургтер, кардиохирургтер және ангиохирургтер де енген. Олардың орташа айлық жалақысы 729 мыңнан 864 мың теңгеге аралығында екен.

Зерттеуді Ұлттық статистика бюросы денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар арасында жүргізген. Ірі кәсіпорындардың барлығы, орта кәсіпорындардың бір бөлігі және шағын кәсіпорындардың бір бөлігі қамтылған. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері зерттеуге қатыспаған.

Бір қызығы, 2025 жылғы рейтингте көшбасшы кардиохирургтер болған. Олардың орташа айлық жалақысы шамамен 1 млн теңге болған. Ал жақ-бет және пластикалық хирургтер былтыр үздік жүздікке де кірмеген. Статистикалық іріктеу әдісінің айырмашылығы биылғы рейтингтің өзгеруіне әсер еткен болуы мүмкін.