Қазақстанда электромобильдерге арналған жасыл түсті мемлекеттік нөмірлер бекітілді

Ішкі істер министрлігі электромобильдер мен электр мотоциклдерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің жаңа үлгілерін бекітті.

magnific.com

Астана, NEGE. Жаңа талапқа сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың электромобильдеріне арналған нөмірлердің негізгі фоны ақ түсті болады. Ал өңірді белгілеуге арналған бөліктің фоны жасыл түске боялады. Нөмірдегі цифрлар, әріптер және «KZ» белгісі қара түспен жазылады.

Жаңа үлгілер жеңіл электромобильдерге, жүк электрмобильдері мен электр автобустарына, сондай-ақ электр мотоциклдер мен электр мотороллерлерге арналған. Нөмірдің алдыңғы және артқы үлгілері көлік құралының түрі мен нөмір бекітілетін орынның өлшеміне қарай бөлінген.

Ішкі істер министрлігі

Бұдан бөлек, Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электр көліктеріне де жеке нөмір үлгілері қарастырылған. Олардың негізгі фоны көк, өңірді белгілеу бөлігі жасыл болады. Ал әріптік және цифрлық символдар ақ түспен жазылады.

Ішкі істер министрлігі

Өзгерістер дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, құрметті консулдардың және шетелдік заңды тұлғалардың электр көліктеріне де қатысты. Оларға «D», «T», «НС» және «М» сериялы нөмірлердің электр көліктеріне арналған нұсқалары енгізіледі.

Ішкі істер министрлігі

Сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың электрмобильдері мен электр мотокөлік құралдарына арналған нөмір үлгілері бекітілген.

Бұйрыққа сәйкес, электромобильдерге арналған жаңа нөмірлердің негізгі түсі ақ, ал ІІМ арнайы қызметтерінің электр көліктеріне арналған нөмірлердің түсі көк болады. Дипломатиялық және өзге де арнайы санаттағы электр көліктерінің нөмірлері қызыл, ал шетелдік азаматтар мен ұйымдарға арналған бірқатар нөмірлер сары фонда әзірленеді.

Министр Сәденов қол қойған бұйрықтың кей нормалары 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал жекелеген нормалары алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.