Қазақстанда электр самокаттарының тротуарлармен жүруіне тыйым салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

magnific.com

Астана, NEGE. Заңдағы өзгеріске сәйкес, электр самокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы электр самокат жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 149 адам жарақат алған.

Бұған қоса заң шеңберінде Ішкі істер министрлігіне жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына рұқсат беру және олардың қызметін кейіннен бақылау өкілеттігі берілген. Ведомство дерегінше, Қазақстанда қазіргі уақытта жүргізушілерді даярлаумен 819 оқу ұйымы айналысады.

Сондай-ақ жаңа түзетулер бойынша, «Жол жүрісі туралы» заңнан елдімекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлік құралын тұраққа қоюға тыйым салу нормасы алып тасталады, автоматты түрде құқық бұзушылықтарды тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіледі, сондай-ақ электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері енгізіледі.