Қазақстанда Egov 3.0 порталы іске қосылды

Қазақстанда QazTech платформасында әзірленген жаңартылған Egov 3.0 порталы іске қосылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.

gov.kz

Астана, NEGE. Жаңа нұсқада мемлекеттік қызметтер пайдаланушыға барынша ыңғайлы форматта жинақталып, оларды алу үшін қойылатын талаптар мен қадамдар саны қысқартылған.

Жаслан Мадиевтің айтуынша, Egov порталы бұған дейін өзінің технологиялық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп келген. Енді портал заманауи цифрлық талаптарға сай жаңартылып, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдетпек.

«QazTech платформасында әзірленген заманауи Egov 3.0 порталы іске қосылды. Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді», – деді Жаслан Мадиев.

Министрдің сөзінше, жаңа порталда кері байланыс функциясы да іске қосылған. Азаматтар қызметтерді қалай ыңғайлы етуге болатыны жөніндегі ұсыныстарын қалдыра алады. Үздік ұсыныстар порталды одан әрі жаңғырту кезінде ескерілмек. Сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметті жаңа форматта қайта жинақтау үшін орталық мемлекеттік органдарға бұл жұмысты жеделдету тапсырылған.

Сонымен қатар сәуір айынан бастап Egov.gpt интеллектуалды ассистенті іске қосылды. Ол азаматқа қажетті мемлекеттік қызметті өздігінен анықтап, өтінішін дайындауға және қызметті нәтижесіне дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бұрын азамат қай мемлекеттік органға жүгіну керегін, қандай өтініш толтыру қажет екенін және қандай құжаттарды жинау керегін өзі анықтайтын. Енді өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті. Egov.gpt өзі қажет қызметті анықтап, азаматтың атынан өтініш дайындайды және қызметті нәтижесіне дейін жеткізеді», – деді Жаслан Мадиев.

Қазір Egov.gpt арқылы жалпы порталдағы трафиктің шамамен 30 пайызын құрайтын ең сұранысқа ие 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Мадиев мемлекеттік қызметтердің санын арттырумен қатар, оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды екенін айтты. Осыған байланысты маусым айынан бастап Egov және өзге де мемлекеттік маңызы бар сервистерге тарифсіз қолжетімділік заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілген. Яғни ұялы байланыс шотында қаражаты болмаса да, азамат маңызды мемлекеттік және әлеуметтік сервистерді пайдалана алады.

Бұдан бөлек, бизнеске арналған цифрлық құралдар да жаңартылып жатыр. Жаңартылған Egov Business порталы іске қосылып, онда кәсіпкерлерге арналған қызметтер, сервистер мен мемлекеттік қолдау шаралары цифрлық форматта шоғырландырылуда.