Қазақстанда докторантураға түсу талабы өзгерді
Шығармашылық және тіл мамандықтары бойынша докторантураға түсу талаптары өзгертілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады.
Астана, NEGE. Бұған дейін мамандығына қарамастан, барлығына ағылшын тілін білетінін растайтын сертификат (IELTS және т.б.) міндетті болатын.
«Әрине ғылымда ағылшын тілінің маңызы зор. Дегенмен қазақ филологиясы немесе музыка саласындағы талантты зерттеушілердің ғылыми еңбектері ағылшын тілін терең меңгеруді талап етпесе де, тек шет тілі сертификатының жоқтығынан докторантураға түсе алмай жүрген жағдайларды көрдік. GPT мен Gemini сияқты құралдар шыққанға дейін бұл талаптар орынды болса, қазір жағдай өзгерді. Сауалымда бұл мәселеге сараланған (дифференциалды) тәсіл қолдануды ұсындым», – деп жазады Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында.
Оның мәлімдеуінше, Ғылым және жоғары білім министрлігі Үлгілік ережелерге өзгерістер енгізген. Соның нәтижесінде кейбір білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат талап етілмейтін болды. Олар:
- D005 – Дене шынықтыру педагогтерін даярлау;
- D006 – Музыка педагогтерін даярлау;
- D017 – Қазақ тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау;
- D018 – Орыс тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау.
Сондай-ақ ол үміткердің шынайы ғылыми әлеуетін бағалау үшін докторантураға түсу кезінде эссе жазудың орнына Research Proposal (зерттеу жоспары) дайындауды енгізуді ұсынғанын атап өтті.
«Министрлік бұл ұсыныстың қабылданғанын хабарлады. Research Proposal енгізу және тәуелсіз сарапшыларды тарту нормасы 2026-2027 оқу жылынан бастап іске қосылады деп жоспарлануда», – дейді депутат.
Оның пікірінше, докторантураға қабылдау талаптары мен бағдарламаларын әлі де жетілдіре түсу қажет.