Қазақстанда бөлшек кредит нарығының өсімі баяулаған
Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бөлшек кредит нарығының өсімі баяулады. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) Талдау орталығының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы екінші деңгейлі банктердің бөлшек кредиттер нарығына жасаған шолуында айтылған.
Астана, NEGE. Несие портфелі 4,3%-ға ұлғайғанымен, өсімнің негізгі үлесі ипотекаға тиесілі. Ал кепілсіз тұтынушылық кредиттеу сегментінде сұраныс төмендеген.
Талдау орталығының дерегінше, ипотеканың бөлшек кредит портфелі өсіміне қосқан үлесі бір жылда 21,7%-дан 46,6%-ға дейін артса, кепілсіз кредиттеудің үлесі 36%-дан 32%-ға азайды.
«Бөлшек кредит нарығының негізгі өсім көзі жаппай тұтынушылық кредиттеуден ұзақ мерзімді мақсатты өнімдерге ауысып жатыр. Ипотеканың үлесінің артуы осы құрылымдық өзгерістің айқын көрінісі», – деп атап өтті сарапшылар.
Кепілсіз тұтынушылық қарыздарға да сұраныс айтарлықтай әлсіреді. Бірінші жартыжылдықта бұл сегмент бойынша өтінімдер саны жылдық мәнде 11,9%-ға қысқарды. Бөлшек кредит өнімдері бойынша өтінімдердің жалпы төмендеуінің 95%-ы кепілсіз қарыздарға тиесілі болды.
Жалпы жаңа қарыздар көлемі 3,6%-ға азайды. Тұтынушылық кредит беру 6,5%-ға, ал автокредит көлемі 24%-ға қысқарды. Сарапшылар бұған жоғары пайыздық мөлшерлемелер, сұраныстың әлсіреуі және макропруденциялық талаптардың күшеюі әсер еткенін атап өтті.
Сонымен қатар ипотека нарығында тоқсандық оң динамика байқалды. Екінші тоқсанда ипотекаға өтінімдер саны бірінші тоқсанмен салыстырғанда 19%-ға өскен. Автокредиттеу бойынша да өтінімдер 20%-ға артты.
Бөлшек кредиттердің орташа өлшенген мөлшерлемесі жыл басынан бері 1,3 пайыздық тармаққа өсіп, 19,5%-ға жетті. Несие сапасы бойынша да қысым күшейген: мерзімі өткен берешектің үлесі 4%-дан 4,4%-ға дейін артты.
Сарапшылар екінші жартыжылдықта ипотека мен автокредитке сұраныс сақталады деп болжап отыр. Ал кепілсіз кредиттеу халықтың нақты табысы, тұтынушылық белсенділік және реттеуші талаптардың өзгеруіне көбірек тәуелді болады.