Қазақстанда бет-жүзін тұмшалағаны үшін мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Қазақстанда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім кию құқық бұзушылық болып саналады.
Астана, NEGE. ІІМ өкілдерінің нақтылауынша, бұл норма «Құқық бұзушылық профилактикасы» заңының 75-бабы 3-тармағында (қоғамдық орындарда адамның бет келбетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек киюге тыйым салынады) көзделген.
Тыйым ауа райы жағдайларына және медициналық көрсетілімдерге қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де шектеу қойылмайды.
Жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында белгіленген. Атап айтқанда, алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК (2026 жылы – 43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
«Қазіргі уақытта аталған құқық бұзушылық бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ІІМ хабарламасында.
Еске салсақ, 2025 жылғы 30 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметіне қатысты бірқатар жаңашылдықты көздейтін заңға қол қойды. Аталған заңның негізгі баптарының бірі – қоғамдық орындарда бетті жабатын киім киюге тыйым салу нормасын енгізу.