10 марта 2026 г. 12:21

Қазақстанда баспана арзандамайды – Отбасы банк басшысы

Фото: freepik.com

«Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова Үкіметте өткен брифингте алдағы жылдары баспана бағасы төмендемейтінін мәлімдеді.

Астана, NEGE. Оның айтуынша, демографиялық факторлар жылжымайтын мүлік нарығындағы сұранысты арттыра түседі.

«Жаңа отбасы құрылған кезде ең алғашқы жоспар – тұрғын үй сатып алу. Сондықтан 2000-2009 жылдар аралығында айқын байқалған демографиялық процесс, яғни бэби-бум, 2026-2027 жылдары тұрғын үй сұранысына айтарлықтай әсер етеді», – деді Ибрагимова.

Бұл жағдайда баспана қымбаттай түсуі мүмкін. Дегенмен нарықтың әр сегментіндегі жағдай әртүрлі болуы ықтимал.

«Баға төмендемейді, мұны сеніммен айта аламын. Екінші нарықта бәсеңдеуі мүмкін. Ал бастапқы нарықта көп нәрсе шикізат пен құрылыс материалдарының бағасына, құрылыс саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысына байланысты болады. Бірақ демография мен қазіргі деректерді ескерсек, баға төмендей қоймайды», – деп атап өтті ол.

Бұған қоса, Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағы есебінен емделу қызметін қайта іске қосу жөніндегі банктің жоспары туралы айтты.