Қазақстанда балшы-балгерлер өз қызметінің ғылыми негізі жоқ екенін ескертуге міндеттелуі мүмкін
Қазақстанда «оккульттік қызмет» ұғымын заң жүзінде бекіту ұсынылды. Оған табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттер туралы мәлімдемелерге негізделген қызмет түрлері жатқызылмақ.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Құрылтай отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қызметтер туралы контентте оның ойын-сауықтық сипатында екені және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы ескерту болуға тиіс.
Тиісті түзетулер «Онлайн-платформалар және масс-медиа туралы» заң жобалары пакетіне енгізілген. Құжатта оккульттік қызметтерге қойылатын талаптардан бөлек, заңға қайшы контентті таратқаны үшін онлайн-платформалардың әкімшілік жауапкершілігі заңнамада бекіту, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда балағат сөздер айтқаны үшін жауапкершілік енгізу, 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салу сияқты нормалар қарастырылған.
Сондай-ақ «аудиовизуалды платформа» ұғымы және олардың операторлары қызметінің тәртібі енгізілбек.
Бұдан бөлек, заң жобасында уәкілетті органға бес мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформаларды пайдаланушылар тізілімін жүргізу құзыретін беру қарастырылған.
Сонымен қатар онлайн-платформа пайдаланушылары білім беру контентін таратқанда, тиісті білімі барын диплом немесе сертификат арқылы растауға міндеттелмек.
Заң жобасын 18 қарашадағы Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.