12 июля 2025 г. 17:07

Қазақстанда балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті

Фото: gov.kz

Қазақстанда балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Балық шаруашылығы қызметкерлері күні салтанатты түрде аталып өтуде, деп хабарлады kazinform.kz

Алматы NEGE. Бұл сала еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халықты жұмыспен қамтуға және су биологиялық ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалануға үлес қосып отыр.

Бүгінде мерекелік іс-шаралар елдің барлық өңірлерінде өткізілуде.

Балық шаруашылығы саласының еңбеккерлерін құттықтау үшін Атырау облысына ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин арнайы барып, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың сала ардагерлері мен қызметкерлеріне арнаған құттықтауын оқып берді. Салада адал еңбегімен көзге түскен үздік мамандар ведомстволық марапаттарға ие болды.

Батыс өңірі бойынша 3 адам «Балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағымен, 8 адам «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен, ал 11 адам Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жалпы республика бойынша 13 адам «Балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына, 21 адам «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісіне, 25 адам Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасына ие болды.

Сонымен қатар, вице-министр Жайық-Каспий балық инспекциясының Дамба бөлімінің жаңа ангарын ашу салтанатына қатысып, инспекцияға арнап сатып алынған жаңа автокөліктер мен арнайы техниканың кілттерін табыстау рәсіміне қатысты.

Кәсіби мерекені мерекелеу аясында өңірде спорттық-әуесқойлық балық аулау жарыстары, жергілікті өндірушілердің өнімдері қойылған жәрмеңке, қайықтар парады және бекіре тұқымдас балық шабақтарын табиғи су айдындарына жіберу шарасы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бүгінде елімізде балық шаруашылығы саласында жұмыс істейтін 8 өңіраралық бассейндік инспекция мен басқа да ұйымдарда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жалпы көлемі 3 млн гектардан асатын су айдындарында 70-тен астам балық түрі мекендейді. Балық шаруашылығымен айналысатын 1340 субъект өз қызметін атқарып жүр

2021–2024 жылдар аралығында салаға 45 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Жыл сайын еліміздің балық шаруашылығы су айдындарынан 45 мың тоннадан астам балық ауланады, оның басым бөлігі Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Елімізде жалпы қуаттылығы жылына 100 мың тоннадан асатын 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 20-сы өнімін Еуропалық одақ елдеріне экспорттауға бейімделген. 2024 жылы елімізден 23,4 мың тонна балық өнімі экспортталған.