Қазақстанда бақбақтың қай түрін жұлғандарға 13 млн теңге айыппұл салынады?
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Нұркен Шәрбиев бақбақ жұлғандарға салынады делінген 13 млн теңгелік айыппұлдың жай-жапсарын түсіндірді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, айыппұл түріндегі жауапкершілік тек Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді жұлғандарға қарастырылған.
«Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін 3000 АЕК (2026 жылы 12 975 000 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл – жойылып кету қаупі бар сирек өсімдіктер, сондықтан осындай айыппұл енгізілген. Айыппұл 2019 жылы депутаттардың бастамасымен он есе көбейтілді. Қазір мөлшері 3000 АЕК болып отыр. Мұндағы мақсат – Қызыл кітаптағы сирек әрі жойылып бара жатқан өсімдіктерді қорғау», – деді Шәрбиев үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, бірнеше түп өсімдікті жұлудың өзі олардың толықтай жойылып кетуіне әкелуі мүмкін. Журналистер Қызыл кітапқа енген бақбақтар қай өңірде өсетінін сұрағанда, Шәрбиев олардың негізінен Қазақстанның оңтүстік аймақтарында кездесетінін айтты.