Қазақстанда автонесиелеуге сұраныс төмендеген: қаржыгерлер себебін түсіндірді
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда автонесиеге өтініш бергендер саны 9%-ға азайған. Былтыр автонесиелеу 50%-дан асатын өсім көрсеткен.
Астана, NEGE. Қаржыгерлер бірнеше жыл бойы қарқынды өскен автонесиелеу нарығы биыл бәсеңдеу кезеңіне өткенін атап өтеді. Бұған автокөлік алуға деген бұрынғы жоғары сұраныстың біртіндеп азаюы, қатаң ақша-кредит саясаты, несие беру талаптарының күшеюі және автодилерлердің жеңілдік пен маркетингтік бағдарламаларының қысқаруы әсер еткен.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұсынған талдауға сәйкес, автонесие бойынша мақұлданған өтінімдердің үлесі 17,6%-дан 16,8%-ға дейін төмендеген. Ал автокөлік сатып алуға мақұлданған өтінімдер саны өткен жылмен салыстырғанда, 13%-ға қысқарған.
Қаржыгерлер автонесиелердің қымбаттауын нарықтағы ең елеулі өзгерістердің бірі ретінде көрсетеді. Атап айтқанда, бір жыл ішінде автонесиелер бойынша орташа мөлшерлеме 18,8%-дан 24,4%-ға дейін өскен.
«Қаржы тарту құнының қымбаттауынан бөлек, мұндай динамика дилерлердің белсенді бағдарламалары кезеңінен кейін нарықтағы ұсыныс пен сұраныс құрылымының өзгергенін де көрсетуі мүмкін. Төлем қабілеті жоғары клиенттердің бір бөлігі автокөлікке деген қажеттілігін бұған дейін дилерлердің субсидияланған бағдарламалары арқылы өтеп қойған болуы ықтимал. Ал қазіргі сұраныс несиені стандартты шарттармен алуға мүмкіндігі бар қарыз алушыларға көбірек ауысып отыр», – деп түсіндіреді мамандар нарықтағы жағдайды.
Жаңа несиелер көлемінің азаюына байланысты автонесиелер портфелінің өсімі де баяулаған. Бір жыл бұрын өсім 23,2% болса, биыл небәрі 5,2%-ға өскен. Соған қарамастан автонесиелер халықтың жалпы несие берешегінің 16,3%-ын құрайды екен. Сондай-ақ автонесие бойынша сұраныс 5-20 млн теңге аралығындағы көліктерге басым екені атап өтіледі.
Бұл ретте елдегі автокөлік өндірісі керісінше айтарлықтай өскен. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 138,7 мың автокөлік шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 69,8 мың көлікпен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Қазақстандық қаржыгерлер үшінші тоқсанда автонесиелерге сұраныс қайта жандануы мүмкін екенін болжайды. Бұған банктер мен автодилерлердің серіктестік бағдарламаларын қайта іске қосуы және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау ықпал етуі мүмкін.
Жалпы алғанда, сарапшылар автонесиелеу нарығының «салқындауын» клиенттер санының азаюымен емес, қарыз алушылар белсенділігінің төмендеуі және несиелердің қымбаттауымен байланыстырады. Дегенмен ішкі автокөлік өндірісінің өсуі мен жаңа жеңілдетілген бағдарламалардың іске қосылуы жылдың екінші жартысында нарықтың ішінара қалпына келуіне мүмкіндік беруі мүмкін.