Қазақстанда аукцион өткізу тәртібі өзгертілмек: кепілдік жарна құны қымбаттайды
Әділет министрлігі тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион арқылы өткізілетін мүлікті сату қағидаларына өзгіріс енгізетін бұйрық жобасын әзірледі.
Астана, NEGE. Құжат 14 тамызға дейін талқылауға шығарылған.
Министрлік тәркіленген мүлікті электрондық сауда арқылы сату тетігін өзгертуді ұсынып отыр. Жаңа тәртіпке сәйкес, аукцион жеңімпазы сатып алған мүліктің ақысын белгіленген мерзімде төлемесе, жеңімпаз мәртебесі одан бұрын ең жоғары баға ұсынған қатысушыға беріледі.
«Сондай-ақ тыйым салынған мүлікті өткізу рәсімінің үздіксіздігін қамтамасыз ету, сауда-саттыққа қатысушылардың жосықсыз әрекеттерінің алдын алу және атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында бағаны көтеру кезеңіне өту шарттары нақтыланады», – делінген түсіндірмеде.
Әділет министрлігі электрондық аукционға қатысу үшін төленетін кепілдік жарнаны мүліктің бағалау құнының қазіргі 5%-ынан 10%-ына дейін арттыруды ұсынып отыр.
«Кейбір қатысушылар мүлікті төмен бағамен сатып алу мақсатында оны сатып алуды көздемей, аукцион барысында әдейі жоғары баға ұсынып, сауданың өтуіне кедергі келтіреді. Соның салдарынан аукцион өтпеді деп танылады», – деп түсіндіреді ведомство өкілдері.
Осыған байланысты құжатты әзірлеушілер жосықсыз әрекетке барған қатысушының тәуекелге тігетін кепілдік жарна көлемін ұлғайтуды ұсынып отыр. Яғни аукционға қатысу үшін енді қатысушы мүліктің бағалау құнының 10%-ы мөлшеріндегі кепілдік жарнаны аударғанын растауы қажет болады.
Егер жеңімпаз белгіленген мерзімде сатып алған мүліктің ақысын төлемесе, оған кепілдік жарна қайтарылмайды. Сондай-ақ аукционға қатысуға құқығы болмағаны анықталған жағдайда да кепілдік жарна қайтарылмайды.