Тоқаев «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясын кеңейтуді тапсырды
Қазақстанда екі жыл ішінде 300-ге жуық өрт сөндіру бекеті ашылып, 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылған. Президент осы тәжірибені ел аумағында кеңінен қолдану қажет екенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, шалғай елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жергілікті құтқару инфрақұрылымын дамыту маңызды. Ол «Ауыл құтқарушылары» жобасының жетістігін ерекше атап өтті.
«"Ауыл құтқарушылары" бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент құтқарушыларға қойылатын талаптардың өзгеріп жатқанын айтып, мамандарды ұшқышсыз аппараттар мен автоматтандырылған жүйелерді меңгеруге шақырды.
Осыған байланысты Тоқаев Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясына халықаралық тәжірибені игеріп, күрделі құтқару операцияларын зерделеуді тапсырды.
Айта кетейік, бүгін, 19 қазанда, Құтқарушылар күніне орай Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиын өткізіп, төтенше жағдайлар қызметінің мамандарын мемлекеттік наградалармен марапаттады.