Қазақстанда атомдық қадағалау комитетінің жаңа төрағасы тағайындалды
Алматы, NEGE. 1 тамызда Дархан Әлиақпаровтың аталған лауазымға тағайындалғаны белгілі болды. Бұл туралы ресми ақпаратты тиісті ведомство жариялады.
Әлиақпаровтың үш жоғары білімі бар: академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (техникалық физика мамандығы), «Тұран-Астана» университетін (құқықтану), сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын (бизнес және басқару) тәмамдаған.
Еңбек жолын ол 2008 жылы «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған ЖЭО-да бастап, қарапайым машинистен станция ауысымының бастығына дейін көтерілген.
2014 жылдан бері атом және энергетика саласындағы қадағалау жүйесінде қызмет етіп келеді. Бұл жылдар аралығында Астанадағы департаментте бас маманнан басқарма басшысына дейінгі қызметтерді атқарған. Кейін Атом және энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерін мониторингтеу және үйлестіру басқармасын басқарды.
2020 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.