Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинаны енді 18 жасқа дейінгі қыздар да тегін салдыра алады

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер 13 мамырда «Қазақстан Республикасында 14–17 жас аралығындағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы қосымша вакцинация жүргізу туралы» қаулыға қол қойды.

magnific.com

Астана, NEGE. Қаулыға сәйкес адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті негізде жүргізіледі, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Мұндай шешім қабылдауға тұрғындардан адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялауға жататын контингентті кеңейту жөніндегі өтініші негіз болған. Ондағы мақсаты – адам папилломасы вирусымен байланысты онкологиялық аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған профилактикалық шараларды одан әрі күшейту, сондай-ақ жасөспірімдерді қосымша қорғауды қамтамасыз ету.

«Айта кету керек, вакцинация егілушінің немесе ата-анасының (заңды өкілінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі.

Қосымша вакцинация адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның қолда бар қорлары есебінен жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 11–13 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы 398 мыңнан астам профилактикалық екпе жүргізілген, оның ішінде 248 мыңына бірінші доза, 150 мыңына екінші доза салынған. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейін теріс әсерлер тіркелмеген.

 

Қазір оқып жатыр

Атырау облысының әкімі Индер көлін ерекше қорғалатын аумақтар тізімінен қалай шығартты

Түркістанда оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға жіберілді

Режеп Тайип Ердоған «Қожа Ахмет Ясауи» орденінің тұңғыш иегері атанды

Ақтауда полицей қызметтік көлікпен 1,5 жасар баланы қағып кетті