Қазақстанда AI мамандарын даярлайтын жаңа университет ашылады

Қазақстанда биыл жасанды интеллект саласындағы мамандар мен зерттеушілерді даярлайтын Qazaq AI Research University ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Үкімет

Астана, NEGE. Елімізде 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Qazaq AI Research University – жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен мамандар даярлауға бағытталған жаңа жоғары оқу орны жұмысын бастайды. 

Министрдің айтуынша, жаңа университет – елімізде жасанды интеллект саласына қажетті кадрларды даярлау шараларының бір бөлігі. 

«Біз өз мамандарымызды даярлаудың үздіксіз траекториясын қалыптастырдық. Биылғы 1 қыркүйекте Қазақстандық жасанды интеллект зерттеу университеті – Qazaq AI Research University іске қосылады», – деді Жаслан Мәдиев.

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект мамандарын даярлаудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасқан. Соның аясында TUMO орталығы 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерді креативті технологияларға баулыса, Tomorrow School ересектерге арналған практикалық жасанды интеллект мамандарын даярлайды.