729 казақстандық мемлекеттен алатын жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты

729 қазақстандық Egov Mobile арқылы әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

ntime.kz

Астана, NEGE. Министрліктің хабарлауынша, әлеуметтік төлемнен бас тарту міндетті шара емес. 

«Әлеуметтік төлемдерден бас тарту – азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен қабылдайтын шешімі екенін атап өту керек. Сервис, ең алдымен, материалдық жағдайы жоғары және ауқатты санатқа жататын, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған», – деді ведомство.

Министрлік азаматтардың жағдайы өзгерген жағдайда тиісті әлеуметтік төлемді қайта тағайындауға өтініш бере алатынын еске салды. Мұндай өтініштер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

Еске салайық, Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем берудің жаңа жүйесі қосылады. Енді отбасылардың әл-ауқаты сегіз бағыттағы 59 көрсеткіш бойынша бағалап, төлем нақты мұқтаждығына қарай берілмек.

Жүйе нәтижесінде отбасылар бес санатқа бөлінеді: А – әл-ауқаты жоғары, В – ауқатты, С – қанағаттанарлық, D – экономикалық тұрғыдан осал, Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар. 

Үкіметтің есебінше, жаңа тәсіл 2027 жылы бюджетке шамамен 700 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үш жылдағы жалпы үнемдеу көлемі 2,5 трлн теңгеге жуық болуы мүмкін.