Қазақстанда 70 мың медицина қызметкерінің жалақысына қосымша ақы қосылады

Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) жүйесінде жұмыс істейтін 70 мың медицина қызметкеріне еңбек өтілі үшін қосымша ақы төленеді. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен шамамен 137 млрд теңге бағытталмақ.

magnific.com

Астана, NEGE. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жаңа тетік медициналық ұйымның меншік нысанына қарамастан МСАК жүйесіндегі барлық қызметкерді қамтиды.

«Біз қазір алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінде үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы енгізіп жатырмыз. Өйткені біз мамандардың бұл саладан кетуін тоқтатып, мамандықтың тартымдылығын арттыруымыз керек», – деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Сонымен қатар, министр жаңа тетік тар бейінді мамандарды да қамтитынын да жеткізді. 

Министрдің сөзінше, жаңа төлем жүйесі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілмек.

Еңбек өтілі екі, үш және бес жылға дейінгі мамандарға арналған төлемдер қарастырылған. Нақты жалақы мөлшері қызметкердің жұмыс орны мен еңбек өтіліне қарай есептеледі.