Қазақстанда 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың басшылары мен мүшелері ұсталды
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары аясында 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың 9 басшысы мен 41 қатысушысы ұсталып, оларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Ведомство дерегі бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда 4,5 мың есірткі құқық бұзушылығы тіркеліп, синтетикалық есірткі өндіретін 17 жасырын цехтың қызметі тоқтатылған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл нәтижесінде 865 келі есірткі заты тәркіленген.
«Бұл – миллиондаған доза есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмегенін білдіреді», – делінген ІІМ хабарламасында.
Сондай-ақ жыл басынан бері 55 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, олардың отыздан астамының есірткі өткізумен байланысты әрекеттерге қатысы бар екені анықталған.
Интернет кеңістігінде заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізілген жұмыс нәтижесінде 8,5 мыңға жуық есірткі сататын сайт бұғатталған.
Сонымен қатар есірткі бизнесінің қаржылық негізін жоюға бағытталған шаралар аясында 258 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталған. Бұдан бөлек, есірткі саудасының көлеңкелі қаржы схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта мен шоттың транзакцияларына шектеу қойылған.