Қазақстанда 388 Hyundai Tucson көлігіне тегін бағдарламалық жаңарту жасалады

Hyundai Auto Kazakhstan Қазақстанда сатылған 388 Tucson NX4 FL көлігіне тегін бағдарламалық жаңарту жасалатынын хабарлады. Компанияның мәліметінше, бұл – алдын алу шарасы, ал көліктер күнделікті пайдалануға қауіпсіз.

AutoClub

Астана, NEGE. 22 мамыр күні Hyundai Motor АҚШ-та 421 мың көлікті кері қайтару туралы хабарлаған. Бұған көліктің өздігінен тежелуіне әкелуі мүмкін бағдарламалық қате себеп болған. Науқан 2025–2026 жылдары шыққан Santa Cruz пикаптарына, сондай-ақ Tucson, Tucson Hybrid және Tucson Plug-In Hybrid Electric кроссоверлеріне қатысты.

Алғашында Astana Motors NEGE тілшісіне АҚШ-та жарияланған кері қайтару науқаны Қазақстанда ресми дилерлер арқылы сатылған көліктерге қатысы жоқ екенін хабарлаған. Компанияның түсіндіруінше, АҚШ нарығына арналған көліктер мен Қазақстанға жеткізілетін көліктердің комплектациясы мен техникалық сипаттамалары әртүрлі.

Бүгін Hyundai Auto Kazakhstan Қазақстанда Tucson NX4 FL моделінің 388 көлігіне қатысты жеке сервистік науқан жүргізілетінін нақтылады.

«2026 жылғы 25 мамырда Hyundai Auto Kazakhstan компаниясы Hyundai Motor Company-ден Қазақстан аумағында сатылған жекелеген Tucson NX4 FL көліктеріне қатысты сервистік науқан басталатыны туралы хабарлама алды. Бұл – ақау шыққаннан кейін емес, алдын ала жасалып жатқан сервистік шара», – делінген хабарламада.

Мамандар көліктің алдыңғы жағынан соқтығысудың алдын алатын жүйенің бағдарламасын жаңартады.

Hyundai Auto Kazakhstan көліктерді күнделікті жүргізуге қауіпсіз екенін мәлімдеді. Бағдарламалық жаңарту жүйенің кейбір жол жағдайларында дәлірек жұмыс істеуі үшін қажет.

Hyundai Auto Kazakhstan дерегінше, Қазақстанда бұл жүйенің жұмысына байланысты көлік иелерінен шағым түспеген және ешқандай оқиға тіркелмеген.

26 мамырдан бастап Hyundai-дің ресми дилерлері көлік иелеріне телефон және SMS арқылы хабарласып, дилерлік орталыққа келу қажеттігін ескертіп жатыр. Диагностика мен бағдарламалық жаңарту тегін жүргізіледі.

Tucson NX4 FL иелері өз көлігінің осы сервистік науқанға кіретін-кірмейтінін өздері де нақтылай алады. Ол үшін 7007 нөмірі бойынша байланыс орталығына немесе Hyundai ресми дилеріне жүгіну қажет.

Қазір оқып жатыр

Астанада ер адам көпірден секіріп кетті

«Өзімді ешқашан кешірмеймін»: әл-Фарабидегі жол апаты бойынша алдын ала тыңдау өтті

Қазақстан мен Ресей тарабы АЭС құрылысы жөніндегі келісімге қол қойды

Ресейден Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді