Қазақстанда келер жылы UFC турнирі өтуі мүмкін

Қазақстанда 2027-2028 жылдары UFC турнирі өтуі мүмкін. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

nege.kz

Астана, NEGE. Министрдің сөзінше, жыл басынан бері UFC өкілдерімен бірнеше кездесу өтіп, келіссөздер жүріп жатыр. Нақты шешім қараша айының соңында жарияланбақ.

«Қараша айының соңында Қазақстанда 2027-2028 жылдары UFC турнирін өткізу жөнінде қандай шешімге келгенімізді толығырақ айтамыз. Барлық жұмыс атқарылды», – деді Ербол Мырзабосынов ОКҚ брифингінде.

Әзірге турнирдің қай қалада және қандай спорт кешенінде өтетіні белгісіз.

Бұған дейін 25 қазанда UFC президенті Дана Уайт Абу-Дабиде өткен UFC 333 турнирінен кейін Қазақстанда турнир ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан. 

Сондай-ақ қарашада UFC өкілдерінің Алматыда келіссөз жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Vesti.kz басылымының мәліметінше, промоушен делегациясы 10 қарашада қалаға келіп, 2027 жылы турнир өткізу мәселесін талқылаған. Алайда бұл ақпаратты UFC мен Туризм және спорт министрлігі ресми растаған жоқ.

Айта кетейік, Қазақстан UFC турнирін 2020 жылы өткізуге ниеттенген. Сол кезде  Астанадағы «Астана Аренада» Петр Ян мен Марлон Мораес арасындағы басты жекпе-жекпен турнир өткізуі керек еді. Алайда пандемияға байланысты жарыс өтпей қалды.