23 мая 2025 г. 14:14

Қазақстанда 2024-2025 оқу жылы қорытындыланды

Фото: gov.kz

Оқу жылының соңғы күнінде еліміздің барлық мектептерінде бір мезгілде «Білімім – Отанымa» бірыңғай сынып сағаты өтті. Бұл – мұғалім еңбегіне көрсетілетін құрметтің, білімге деген құштарлықтың және оқушылардың бірлігінің символына айналған дәстүрлі шара.

Алматы, NEGE. Елордада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №104 мектепте өткен шараға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы қатысты. Ол мектеп бітіруші түлектерге арнап ашық сабақ өткізіп, болашақ жайлы, елдік мұраттар мен азаматтық борыш туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.

Министр өз сөзінде бүгінгі заманның жас ұрпағы адамгершілігі жоғары, адал, еңбекқор және бастамашыл болуы тиіс екенін және бұл қасиеттердің «Адал Азамат» тұжырымдамасының негізі екенін атап өтті.

«Еңбекке құрмет, адалдық, әділеттілік және жауапкершілік сезімі – сіздердің ішкі болмыстарыңызға айналуы тиіс. Бұл қасиеттер тек моральдық бағдар ғана емес, қуатты әрі әділетті мемлекеттің берік іргетасы», – деді министр түлектермен әңгіме барысында.

Жас түлектер өз арман-мақсаттарымен бөлісіп, жайлы жағдайда білім алуға және өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берген мемлекеттің жас ұрпаққа деген қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді.

«Біздің мектеп ұлттық жобаның аясында салынды және бүгінде «Келешек мектебі» атауын иеленіп отыр. Мұнда шынымен жан-жақты дамуға және жарқын болашаққа бағыт алуға барлық жағдай жасалған. Осы бастама мен балаларға деген ұдайы қамқорлығы үшін Президентке алғыс айтамын», – деді №104 мектептің түлегі Нұрасыл Жұмакелді.

Биыл еліміз бойынша 217 мыңнан астам он бірінші сынып оқушысы мектеппен қоштасуда. Министр олардың әрқайсысына сәттілік тілей отырып, алған білімдері өмір жолындағы сенімді қадамдарының негізіне айналатынына, ал алға ұмтылыс пен табанды еңбек – отбасы мен ел игілігіне қосылған үлес боларына сенім білдірді.