Қазақстанда 200-ден астам азамат көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартты
SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде екі жүзден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлауынша, бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша өткізген кеңесте айтылды.
Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әл-ауқат деңгейі жоғары санатқа жатқызылған үй шаруашылықтарына қосымша тексеру жүргізуде. Бұл тексеру нәтижелері олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақтылап, әл-ауқат деңгейін объективті бағалауға пайдаланылады.
Сондай-ақ министрлік eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырғаны мәлім болды. Ол әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары отбасыларға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тартуына мүмкіндік береді.
Бұл ретте Үкімет басшысы мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді автоматты түрде толтыру арқылы отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтауға болатын калькуляторды азаматтарға ыңғайлы етуді тапсырды.
Сонымен қатар бұрын бытыраңқы болған 66 әлеуметтік көмек шарасына ревизия жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша орталық және жергілікті деңгейлерде ішінара қайталанатын 38 шара оңтайландырылып, қалған 28 шара бүкіл ел бойынша бірыңғай тағайындау критерийлері бар 13 ірі бағытқа біріктірілген.