Қазақстанда 1 млн-нан астам адам баспанаға мұқтаж

Қазақстанда миллиондаған пәтер мен тұрғын үй бар, алайда баспанаға деген сұраныс әлі де жоғары. Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Taldau Talks подкастында айтты.

freepik.com

Астана, NEGE. «Отбасы банк» басшысының айтуынша, қазір тұрғын үйге мұқтаж азаматтар базасында 1 млн 82 мың 504 адам бар. Ал Қазақстанда 6,2 млн пәтер және 2,3 млн жеке үй бар. Алайда тұрғын үй қоры азаматтар арасында біркелкі бөлінбеген.

«Егер тұрғын үй нарығы туралы айтатын болсақ, мұнда екі маңызды жайтқа назар аудару керек. Біріншіден, тұрғын үйге деген сұраныс Қазақстандағы ерекше демографиялық жағдайға байланысты. Бізде халық өте жас – орташа жасы 29 жасты құрайды. Бұл алдағы бес жылда өте үлкен сұранысты қалыптастырады», – деді Ләззат Ибрагимова.

Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының деректеріне сәйкес, шамамен 5,5 млн тұрғын үй иесінің 78%-ы бір ғана жылжымайтын мүлікке ие. Бұл – шамамен 4 млн 280 мың адам.

Подкаст қонағы болған экономист Эльдар Шамсутдинов бір ғана баспанасы бар азаматтардың үлесі жоғары болу себебін әкімдіктердің жалға берілетін тұрғын үй қорымен түсіндірді. Алайда, оның сөзінше, мұндай тұрғын үй қорының көлемі аз. 

Ал 934 мың азаматта екі пәтерден болса, үш пәтерге 219 мың адам иелік етеді. Төрт-бес үйі бар азаматтардың саны шамамен 82 мың, ал 17 мың адам алтыдан онға дейін пәтері бар.

Сонымен қатар Ибрагимова тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу жүйесіне тоқталды. Бұған дейін кезек азаматтардың әлеуметтік және кәсіби санаттарына қарай қалыптастырылса, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап баспанасы жоқ кез келген 18 жастан асқан Қазақстан азаматы арнайы ақпараттық жүйеге тіркеле алады.

«Қазір бұл база тұрғын үйге мұқтаж 18 жастан асқан адамдардың санын көрсетеді. Олардың шамамен 600 мыңы – әкімдіктерден қабылданған бұрынғы кезек. Қазір біз оны толық цифрландырдық және верификациядан өткіздік», – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның сөзінше, тұрғын үйге деген сұраныстың жоғары болуы халық санының өсуімен және отбасылардың ұлғаюымен де байланысты. Халық саны артқан сайын үлкенірек баспанаға қажеттілік те көбейеді.

Айта кетейік, жақында «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінің өсуі банктің ипотекалық өтінімдеріне кері әсер етпегенін мәлімдеген еді. Керісінше, банктің биылғы түсімдерінің өсім қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан жоғары болған.