Қазақстанда 1 қазаннан бастап жұмыссыз деп тануға дейінгі мерзім 13 күнге ұзарады

1 қазаннан бастап жұмыссыз мәртебесін алу үшін лайықты жұмыс орнын іздеуге бұрынғыдай екі күн емес, он үш күн беріледі.

ortcom.kz

Астана, NEGE. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің түсіндіруінше, осы кезеңде мансап орталығының мамандары жұмыссыз қалған адамның білімі, еңбек өтілі мен дағдыларын ескеріп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілерге де хабарласады.

Егер лайықты жұмыс оған дейін табылса, 13 күндік мерзімнің аяқталуын күтудің қажеті жоқ.

Сонымен қатар жұмыссыз қалған адамға оған кәсіптік оқытуға қатысу, субсидияланатын жұмыс орнына орналасу және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы мүмкін.

Жұмыстан шығып қалған адам мұндай көмек алу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Ол үшін мансап орталығына жүгінуге немесе eGov арқылы, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасы — Enbek.kz порталы арқылы тіркелуге болады.