Қазақстан және Өзбекстан Президенттерінің қатысуымен 15 құжатқа қол қойылды

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақордадан мәлім етті.

Алматы, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен мазмұнды кездесуден кейін екі елдің ресми делегациялары мүшелерінің қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мызғымас достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мызғымас достық пен тату көршілікке негізделген сан қырлы қарым-қатынастардың стратегиялық ықпалдастық рухында қарқынды дамып келе жатқанын ерекше ризашылықпен атап өтемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-өзбек ынтымақтастығы барлық салада бұрын-соңды болмаған шыңдарға көтерілді. Құрметті Шавкат Миромонович, осы оң үрдіске Сіз сүбелі үлес қостыңыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде екі ел мемлекетаралық серіктестіктің жарқын үлгісіне айналған берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын айтты. Барлық деңгейде белсенді әрі аса сенімді саяси диалог орнатылған. Үкімет деңгейіндегі жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр және парламентаралық байланыстар да нығайып келеді. Тараптар көпжақты құрылымдар мен тетіктер аясында өзара табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанның аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша, оның ішінде Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру мәселесіне қатысты көзқарастары мен ұстанымдары ортақ.

– Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда теңдессіз ілгерілеу бар. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікіралмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжырымға келдік. Әрине, атқарушы органдар, ең алдымен, үкіметтеріміз осы мақсатқа жету үшін тиісті жұмыстарды жүргізуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір оқып жатыр

Ұрып-соғып, үтікпен күйдірген: Шымкентте балаларына қорлық көрсеткен ана сотқа тартылды

Қытайда екі экс-қорғаныс министрі өлім жазасына кесілді

Үкімет курьерлер мен таксишілерге төленетін әлеуметтік төлемдер мәселесін шешу жолын іздестіруде

8 мамырда Қызылорда облысының жаңа әкімі тағайындалады