10 апреля 2022 г. 11:59

Қазақстан Ресейдің «Байқоңырды» жалдау ақысын қымбаттатты

Фото:

Қазақстан Үкіметі биылғы бюджетке қазіргі геосаяси жағдайдың қиындауына байланысты біршама өзгерістер енгізген еді жақында. Бұл өзгерістердің ішінде Ресейдің «Байқоңыр» кешенін жалдау ақысының өсетіні жайлы ақпарат та бар, деп хабарлайды Inbusіness.kz.

Алматы, NEGE. Нақтырақ айтсақ, ел қазынасының 2021 жылы желтоқсанда бекітілген 2022 жылғы бюджетінде Байқоңырды жалдағаны үшін Ресей 48 млрд 875 млн теңге және әскери полигондарды қолданғаны үшін тағы 8 млрд 516,5 млн теңге жалдау төлемақысын төлейді деп көрсетілсе, жақында ғана өзгертілген бюджетте сома біршама өскен екен.

«Қайта қаралған биылғы бюджет жобасында Ресей Байқоңыр кешенi үшін осы жылы 52 млрд 143,5 млн теңге және әскери полигондарға – 9 млрд 217,9 млн теңге жалдау ақысын төлеуі тиіс деп көрсетілген» деп жазды басылым.

Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл өзгеріс «теңге бағамының АҚШ долларына шаққанда нақты өзгеруіне байланысты» екен. Екі ел арасындағы мәміле бойынша, ғарыш айлағы кешенін қолданғаны үшін Мәскеу жыл сайын республикамызға 115 млн доллар төлеп тұрады. Өткен жылғы желтоқсанда биылғы бюджетті қабылдау барысында 1 доллар = 425 теңге деген бағам қолданылыпты.

Енді бюджет жобасын қайта қараған кезде 1 доллар 453 теңгеге тең деп алынады. Биылғы 9 наурызда америкалық валюта 510 теңгеге дейін қымбаттағаны мәлім. Егер жыл соңына дейін бағам сол шамаға барса, «Байқоңыр» Кремльге 58 млрд 650 млн теңгеге түспек. Бірқатар сарапшылардың дерегінше, Мәскеу космодромды жалдау ақысын да доллардан рубльге көшіруді қалайтын көрінеді.

Қазақстан болса, долларды қолдап, соған табандауы керек. Бұл бізге қолайлы. Қазақ жеріндегі ғарыш айлағы 1994 жылы Ресейге 20 жылға арендаға берілген болатын. Кейін, 2004 жылы екі ел келісімді ұзартуға уағдаласты. Нәтижесінде, Қазақстан «Байқоңыр» кешенін қаламен және оның аймағындағы жерімен бірге 2050 жылға дейін Ресейге жалға берді.

Тегтер: