Қазақстан мектептерінде жаңа бағдарлама іске қосылды
Қазақстан мектептерінде салауатты өмір салтын сақтауға байланысты «А»-дан «Я»-ға дейін дұрыс тамақтану» атты жаңа бағдарлама іске қосылды.
Ұстаз қауымы мен ата-ана бағдарламаның жұмыс істеуіне атсалысса, балаларымыздың бастауыш сынып кезінен дұрыс тамақтану үрдісін қалыптастыра аламыз. Ұлт саулығын мәселе етіп көтерген шараға Алматы және Астана қаласының Білім басқармасы өкілдері, Қазақ тағамтану академиясының өкілдері, сондай-ақ мектеп директорлары қатысып, ой-пікірімен бөлісті.
Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама жаңадан қалыптасып келе жатқан жас ағзаның дамуына, сондай-ақ артық салмаққа жол бермеуге септігін тигізеді. Балалар арасында семіздіктің көбеюінің басты себебі – дұрыс тамақтанбау. Таяуда әртүрлі халықаралық және мемлекеттік ұйымдар жүргізген зерттеуге сүйенсек, мектеп жасындағы қазақстандық балалардың әрбір үшіншісі асқазан-ішек ауруымен ауырса, тоғыз жасқа дейінгі әрбір бесінші бала семіздік дертіне шалдыққан. Сондықтан да мамандар білім беру жүйесінің деңгейінде тиімді бағдарлама қабылдап, мәселенің алдын алу керектігін алға тартады.
Тіпті, қазір дұрыс тамақтану жөнінде арнайы онлайн курстар жүргізіледі екен. «Біз Danone компаниясымен әріптестік орнатып, оқушылар үшін бірнеше рет интерактивті курстар өткіздік. Бізге Қазақстаннан арнайы ұсыныспен жұмыс тобы шыққанда, қуана қарсы алдық.
Қазақстан жобасына байланысты сабақтар орналастырдық. Кез келген сабақты ашып, көруге болады. Бәрі де әдемі безендірілген. Кейбірі қызықты бейнежазба, тест сұрақтары, кеңестермен толықтырылған. «А»-дан «Я»-ға дейін дұрыс тамақтану» бағдарламасы аясында оқушылар үшін 34 сабақ жүктелген. Қазірдің өзінде 9, 26 және 34-ші сабақты қарауға болады.
Қалғаны жақын арада жүктеледі», – дейді interneturok.ru желісінің өндіріс және оқу-методика бөлімінің директоры Юрий Гребенюк.
Айта кету керек, Алматы қалалық Білім басқармасы мен Қазақ Тағамтану академиясының жұмыс тобы бірлесіп, оқушыларға арналған толыққанды элективті курс жасақтады. Бұл жобаның артықшылығы сол, баланың дұрыс тамақтанып, денсаулығы жақсы болуы үшін жаңа мотивация тетіктері енгізілген.
«Мемлекеттің болашағы – дені сау ұрпақ. Оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз етіп, жайлы жағдай жасау үшін әуелі денсаулығына көңіл бөлуіміз керек. Бұл жоба еліміз бойынша жүзеге асса, ұлт саулығының қалыптасуына жол ашамыз», – дейді Алматы қалалық Білім басқармасы
бөлімінің жетекшісі Ақмарат Төлегенова.
Ұлт саулығы – ел болашағының кепілі. Қайсыбір мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі – ұрпақтың білімді және халық денсаулығының жақсы болуы. Әсіресе, сапалы ұлт ретінде қалыптасуды көздесек, балалардың денсаулығына кішкентайынан мән беруіміз керек. Денсаулығы төмен баланың білімді болуы да екіталай.