Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болды
БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы барысында Қазақстан Республикасы 2022-2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін еліміз Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2013–2015 жылдары сайланған болатын.
Адам құқықтары жөніндегі кеңес – БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы, оның құрамына әлемдегі адам құқықтарын көтермелеуге және қорғауға жауапты 47 мемлекет кіреді. Кеңес құзыретіне оның назарын талап ететін адам құқықтары саласындағы барлық тақырыптық мәселелер мен жағдайларды талқылау кіреді. Кеңес мүшелері бес өңірлік топтан сайланады және өз міндеттерін үш жыл бойы атқарады. Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырыстары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өтеді.