2 июля 2023 г. 17:29

«Қазақстан барысы»: Екінші айналымға шыққан балуандар белгілі болды

Фото:

Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан «Қазақстан барысы-2023» республикалық турнирінің бірінші айналымы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Жарысқа 41 балуан жолдама алғандықтан, ерекше жеребе тартылған болатын. Сол жеребе қорытындысы бойынша балуандардың бір тобы екінші айналымға шығу үшін екі белдесу өткізсе, тағы бір топ балуан бір белдесу арқылы-ақ келесі кезеңге шығып жатты.

Шымкенттік Ерсұлтан Мұзапаров әуелі шығысқазақстандық Талғат Әмреновті, одан кейін қостанайлық Асылан Сағитбекті жеңді.

Ал жетісулық Жігер Сәкенұлы ақмолалық Дастан Бауханды жыққанымен, екінші белдесуінде 18 жастағы қарағандылық балуан Ақжол Дүйсенбаевтан жығылып қалды.

Павлодар облысының өкілі Мұхтар Дәлелханұлы бірінші белдесуде Солтүстік Қазақстан облысының үмкіткерін «таза жеңіспен» ұтып, екіншісінде Алматы қаласының атынан шыққан Жансерік Жұмабайдан айласын асырды.

«Қостанай облысының барысы» Алмас Жұмағали 20 жастағы «Атырау барысы» Бекбол Мұқашевті «таза жеңіспен» жықты.

«Маңғыстау облысының барысы» Нұрдәулет Жарылғапов әуелі Ақмола облысының балуаны Бекбол Нұрланұлын жығып, одан кейін Ұлытау облысының үміті Айдос Ғалымұлынан басым түсті.

Алматы қаласының тағы бір балуаны Айбек Ізтілеуов «Солтүстік Қазақстан облысының барысы» Алтынбек Аусағитовтен ұтылды.

Қарағанды облысының балуаны Ақжігіт Оралов Абай облысының әйгілі балуаны Ерасыл Қажыбаевты жеңіп, екінші белдесуде тағы бір әйгілі спортшы, Жетісу облысының атынан шыққан Руслан Әбдіразақовпен күрескен болатын. Тартысты бәсекеде қарағандылық балуан өзі бастаған әдіске түсіп қалып, екінші айналымға Жетісу өкілі шықты.

Ал «Қазақстан барысы» турнирінің 2021 жылғы жеңімпазы, абайлық Дәурен Нұралинов Жамбыл облысының намысын қорғап жүрген Данил Федоровтан жеңіліп қалды.

«Әскер барысы» Марат Байкамуров Түркістан облысының өкілі Қайсар Шамшидинов пен «Алматы облысының барысы» Мәди Еділбаевты жеңіп, екінші айналымға шықты.

Жамбыл облысының балуаны Азат Рысбек Павлодар облысының үміткері Багустар Амриды жығып, екінші айналымға өтті.

Қызылорда облысынан келген Айбек Серікбаев әуелі Түркістан облысының балуаны Бибарыс Әбдіғаниден басым түсіп, одан кейін ақтөбелік Ерасыл Амангелдіні жеңді.

2003 жылғы ұлытаулық жас барыс Ерасыл Нұғұмат 2004 жылы туған астаналық қарсыласы Жасұлан Халхабаевты «таза жеңіспен» ұтты.

2017 жылғы «Қазақстан барысы», қызылордалық Еламан Ерғалиев маңғыстаулық Ғайса Қалмұқановтан айласын асырғанымен, екінші белдесуінде «Әскер барысы» Ғалымжан Қырықбайдан жеңілді.

Атырау облысының тағы бір балуаны Арман Қалиев Астана қаласының үміткері Ерсұлтан Жорабекттен айласын асырды.

«Қызылорда облысының барысы», 2022 жылғы «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабылов ақтөбелік Еламан Қойшыбаевты жеңгенімен, «Алматы облысының барысы» Нұрғали Жолтаевтан жеңіліп, екінші айналымға өте алмай қалды.

Шығыс Қазақстан облысының екінші балуаны Саят Шамшиев шымкенттік Мейіржан Әбдімәліковтен басым түсіп, келесі айналымға өтті.

Осылайша биылғы турнирде бұған дейінгі жылдары жарыс жеңімпазы атанған 3 балуанның біреуі ғана екінші айналымға шығып отыр.

Ширек финалға өткен 18 балуан:

Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент, 94 кг),

Жігер Сәкенұлы (Жетісу облысы, 105 кг),

Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы, 155 кг ),

Мұхтар Дәлелханұлы (Павлодар облысы, 115 кг),

Ақжігіт Оралов (Қарағанды облысы, 135 кг),

Марат Байкамуров (Әскер барысы, 106 кг),

Айбек Серікбаев (Қызылорда облысы, 105 кг),

Ғалымжан Қырықбай (Әскер барысы, 145 кг),

Ақжол Дүйсенбаев (Қарағанды облысы, 90 кг),

Алмас Жұмағали (Қостанай облысы, 118 кг),

Алтынбек Аусағитов (СҚО, 100 кг),

Руслан Әбдіразақов (Жетісу облысы, 120 кг),

Данил Федоров (Жамбыл облысы, 105 кг),

Рысбек Азат (Жамбыл облысы, 98 кг) ,

Нұғұмат Ерасыл (Ұлытау облысы, 90 кг),

Арман Қалиев (Атырау облысы, 109 кг),

Нұрғали Жолтаев (Алматы облысы, 106 кг),

Шамшиев Саят (ШҚО, 108 кг).

 

Тегтер: