3 января 2022 г. 20:42

Қазақстан 30 жылда неге газ өңдейтін зауыт салмады?

Фото:

Газ бағасының қымбаттауына байланысты Жаңаөзен қаласында басталған наразылыққа қоғамның назары ауып отыр. Тіпті осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі түнгі сағат 03:00-те арнайы пост жазуға мәжбүр болды.

Ал Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев 15 сағаттан кейін әзер дегенде журналистердің алдына шықты. Оның өзінде министр орынбасарын баспасөз конференциясына жіберіп, өзі тып-тыныш отырғысы келген еді. Алайда, ең соңында министрдің өзі баспасөз конференциясына келуге мәжбүр болды.

Осы және өзге де сұрақтарды Nege.kz тілшісі  Мағзұм Мырзағалиевтың өзіне қойды.

 – ​Тап қазір Жаңаөзен халқы алаңда тұр. Халықтың негізгі талап-тілегі сұйытылған отынның бағасын 50-60 теңгеге түсіру болып отыр. Ал Үкімет газдың бағасын 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін ғана түсіретінін айтты. Үкімет неге халықтың талап-тілегін толық орындамайды? Мысалы қазір халық «Газ бағасын 50-60 теңгеге түсірмесе алаңнан кетпейміз» деп талап етуде. Мұның арты революцияға ұласып кетпей ме? Сіздер неге жайбасар болып отырсыздар?

   – Жаңаөзенде орналасқан газ өңдеу зауытында жергілікті халықта жұмыс істеп жатыр. Оның тозығы жеткен зауыт. Газ шығарудың өзіндік құны 98 мыңға жуық. Соңғы мәліметке сүйенсек, 136 мың теңгеге сатты. Яғни, жақсы бағамен сатты. Ал дегенмен осы соңғы жылдары газдың бағасы өте төмен деңгейде бекітілген болатын. Нақтырақ айтсам, 38 мың теңгеге. Ешбір зауыт ондай бағада газ өндірмейді.

Сіз басында Үкіметтің шешімімен 85-90 теңгеге түсті деп айттыңыз ғой. Бұл Үкіметтің шешімі емес, бұл Маңғыстауда жұмыс істеп тұрған газ шығаратын қожайындардың шешімі. Ал біздің шешім 2018 жылы тиісті заңға өзгерістер енгізіліп қабылданған. Транзиттік көшуге 3 жыл мерзім берілген болатын.

 Үкімет, жалпы билік «Орта Азияда керемет алдыңғы қатарлы мемлекетпіз» деп 30 жыл бойы мақтанып келді. Мысалы көршілес Өзбекстан жақында заманауи газ өңдейтін зауыт ашты. «Орта Азияда кереметпіз» деп жүріп Жаңаөзенде бір зауыт сала алмау нені білдіреді? Сіздер «зауытты енді саламыз» деп отырсыздар. Неге 30 жыл ішінде салынбады?

– Әр бизнестің өзіндік қаржылай индикаторлары бар. Егер дизельдің бағасын салыстыратын болсақ, қазіргі таңда оның бағасы елімізде 230-240 теңге, ал көршілерімізде қателеспесем 360 теңге көлемінде. Бензиннің бағасы шамамен 182 теңге болса, көршілерімізде 300 теңгеден асып отыр. Біз енді ғана бұл саланың инвестициялық тартымдылығын арттырдық. Яғни, қазір осы салаға қаржы бөлуге дайындық бар. Сондықтан президенттің тапсырмасы бойынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Жаңаөзенде жаңа газ зауытын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда техникалық экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл зауыттың құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс.

 Әу баста баспасөз алаңына вице-министр Мұрат Жөребеков шығуы керек еді. Алайда кейін өзіңіз шығатын болдыңыз. Баспасөз алаңына орынбасарыңызды жіберіп, жауапкершіліктен жалтарып кеткіңіз келді ме? Жоқ әлде басқа қалада болдыңыз ба? Неге бірден өзіңіз шықпадыңыз?

 – Біріншіден, мен энергетика министрі болғаннан кейін осы салаға жауаптымын. Сондықтан да осында шығуды жөн көрдім. Сол себепті өзім шықтым.

 Әу баста неге орынбасарыңыз шығатын болды?

 – Сол кезде қағаздарды әзірлеп отырдық. Осы пресс-конференцияға дайындалған кезде Үкіметте телефонсыз болдым. Содан шыққаннан кейін бірінші орынбасарыма «Мен өзім барамын» деп айттым.

P.S. Жалпы біздің жоғары шенді азаматтар өткір мәселе туындаса орынбасарын орға итеруді әдетке айналдырған. Мысалы жемқорлық бойынша үнемі вице-министрлер түрмеге отырады. Мағзұм Мырзағалиев орынбасарын отқа тастап, өзі сүттен ақ, судан таза болғысы келген тәрізді. Бірақ Жаңаөзен халқының талап-тілегі министрдің қулығын жүзеге асырғызбады.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: