Қазақстан жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан инфляцияны төмендету бағытын сақтап отыр

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) соңғы болжамдарына сәйкес, жаңа геосаяси күйзелістер аясында 2026 жылы әлемдік инфляцияның қайта өсуі күтіледі. Бұл баға қысымының көптеген елдер үшін негізгі сын-қатерлердің бірі болып қала беретінін көрсетеді.

gov.kz

Қазіргі уақытта инфляцияның ең жоғары деңгейі Венесуэлада (524%), Аргентинада (33,6%) және Түркияда сақталып отыр (32,6%).

Әлемдегі құбылмалылық пен инфляцияның өсуіне қарамастан, Қазақстанда жылдық инфляция болжамы 9-11%-ға дейін төмендеді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 9,5-11,5% деңгейінде бағаланған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, бұл оң үрдістің бастамасы ғана. Олардың болжамынша, 2027 жылы Қазақстандағы инфляция 6-8% деңгейіне дейін баяулап, ал 2028 жылы 5% көлеміндегі мақсатты көрсеткішке барынша жақындай түсуі мүмкін.

Экономиканы әртараптандыру және нақты сектордағы оң серпін баға өсімінің одан әрі баяулауына негіз қалыптастырып отыр.

2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша экономика 3,7%-ға өсті. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі 9%-дық өсім көрсетсе, құрылыс саласы 13,4%-ға, көлік қызметтері 8,4%-ға артты. Бұл көрсеткіштер қазіргі экономикалық белсенділіктің индикаторы ғана емес, сонымен қатар инвестиция тарту саясатының ұсыныс жағында құрылымдық нәтиже бере бастағанын да дәлелдейді.

2026 жылдың алғашқы бес айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 7%-ға, ал жекеменшік инвестициялар бірден 17,4%-ға өсті.

Ең жоғары өсім энергетика саласында тіркелді (+83,4%). Сонымен қатар ақпарат және байланыс саласы 75,2%-ға, ауыл шаруашылығы 36,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 29,2%-ға, ал көлік саласы 25,6%-ға өсті.

Мұндай капитал ағыны инфляциялық қысымды бірнеше бағыт бойынша төмендетуге ықпал етеді. Біріншіден, ол теңге бағамын қолдап, инфляцияның импорттық құрамдас бөлігінің әсерін азайтады. Екіншіден, нақты секторға салынған инвестициялар өндірістік қуаттарды арттырып, ел ішіндегі тауар ұсынысын көбейтеді. Бұл өз кезегінде сырттан келетін инфляцияның ықпалын барынша төмендетуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, заманауи технологиялар мен басқару тәжірибесінің келуі еңбек өнімділігінің артуына және шығындардың біртіндеп қысқаруына жол ашады.

Осының аясында Қазақстанда ішкі баға ахуалының біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын көрсететін сенімді белгілер байқалып отыр.

Өнеркәсіп

Өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы (2026 жылдың алғашқы айларының қорытындысы бойынша өсім – 9%) бұл саланың ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтты. Мұндай негіз кезең-кезеңімен қалыптастырылды: тек 2025 жылдың өзінде елімізде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жаңа өндірістік жоба іске қосылды.

Биыл да жоғары қарқын сақталып отыр. 2026 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын тағы 180-ге жуық индустриялық нысанды іске асыру жоспарланған. Бұл шамамен 19 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытқа дейін құны 165,5 млрд теңге болатын 50 жоба сәтті пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 3 249 қазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылды.

Агросектор

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,6%-ға өсіп, 1 251,2 млрд теңге болды.

Бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,5%-ға (1 158,5 млрд теңге), ал өсімдік шаруашылығындағы өндірістің 7,6%-ға (70,6 млрд теңге) артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Агроөнеркәсіптік кешендегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бірінші тоқсанда 70,6%-ға, ал азық-түлік өндірісіне бағытталған инвестициялар 363,4%-ға ұлғайды.

Осы миллиардтар мен пайыздардың ар жағында әрбір қазақстандық үшін маңызды мәселе – елдің азық-түлік қауіпсіздігі және дүкен сөрелерінде әрдайым сапалы, жаңа әрі ең бастысы, отандық өнімдердің болуы жатыр.

Сүт, ет және астық өндірісінің ел ішінде артуы қымбат импортқа тәуелділікті азайтады. Бұл өз кезегінде қарапайым отбасылардың азық-түлік қоржынындағы бағаның тұрақтануына ықпал етеді.

Егіс алқаптарындағы нағыз технологиялық серпінге отандық ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алу бағдарламасы жол ашты. Бұл мақсатқа 2026 жылы 300 млрд теңге бөлінді.

Нәтижесінде сатып алынған техникадағы қазақстандық өнімнің үлесі 70%-дан 95%-ға дейін өсті.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік шаралар іске асырылып жатыр. Қалаларда жәрмеңкелер ұйымдастырылып, онда өнімдер өндірушілерден тікелей жеткізіліп, нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан сатылады. Мемлекет сауда үстемелеріне бақылау жүргізіп, құс еті, балық, ірімшік, қант, алма және басқа да өнімдерді қамтитын алты бағыт бойынша отандық өндірісті дамыту жұмыстарын қолға алған.

Өңірлерде азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтайтын арнайы комиссиялар жұмыс істейді.

Ішкі нарықтың негізгі 23 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз етілу деңгейі 80%-дан 100%-ға дейін жетіп отыр.

Қазіргі көрсеткіштер Қазақстанның экономикалық өсімі көбіне сыртқы нарықтағы жағдай мен шикізат бағасына тәуелді болған модельден біртіндеп алыстап, орнықты дамудың негізі ретінде ішкі жаңғыруға, өз өндірістеріне және нығайып келе жатқан агроөнеркәсіптік кешенге сүйенетін жаңа үлгіге көшіп жатқанын айқын көрсетеді.