Қазақстан зейнетақы жүйесінің орнықтылығы жағынан әлем бойынша үздік ондыққа енді

Қазақстанның зейнетақы жүйесі Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде ұзақ мерзімді орнықтылық көрсеткіші бойынша 74,4 балл жинап, сегізінші орынға ие болды.

gov.kz

Астана, NEGE. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстан үздік ондыққа енген орнықтылық көрсеткіші зейнетақы бағдарламаларымен қамтылған жұмыскерлердің үлесін, зейнетақы активтерінің көлемін, халықтың қартаю қарқынын және басқа да факторларды ескереді.

«Бұл көрсеткіш зейнеткерлер саны мен зейнетақы төлемдерін алу ұзақтығы өзгерген жағдайда жүйенің болашақ міндеттемелерді орындауға қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік береді», – дейді ведомство өкілдері.

Жалпы рейтингте Қазақстан әлемнің 55 елінің зейнетақы жүйесі арасында 29-орынға тұрақтады. Сарапшылар үш негізгі бағыт бойынша елуден астам көрсеткішті бағалаған: зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің орнықтылығы, сондай-ақ оны реттеу мен басқару сапасы. Қорытынды балл осы үш бағыт бойынша алынған нәтижелер негізінде қалыптастқан.

Зерттеуде зейнетақы жүйесін реттеу мен басқару, оның қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларды ақпараттандыру мәселесі де қамтылған. Бұл бағыт бойынша Қазақстан 83 балл жинады.

Бұған қоса, сарапшылар Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіне де талдау жасаған. Ол мемлекеттік зейнетақы төлемдерін, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің міндетті жарналары есебінен қалыптасатын зейнетақымен қамсыздандыруды, сондай-ақ ерікті зейнетақы жинақтарын қамтиды.

Министрлік өкілдері зерттеу нәтижелері Қазақстанның зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді орнықтылық тұрғысынан жоғары көрсеткішке ие екенін көрсеткенімен, зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін одан әрі арттыру қажеттігін де атап өтті.