Қазақстан терроризм индексінде ең қауіпсіз елдер қатарына кірді
Қазақстан Global Terrorism Index рейтингінде терроризм ықпалы ең төмен елдер қатарына енді.
Астана, NEGE. Жаһандық қауіпсіздік ахуалын саралайтын халықаралық индекс қорытындысы бойынша Қазақстан 2025 жылы терроризм деңгейінен 0.0 көрсеткішке ие болып, қауіпсіздік белдеуіндегі мемлекеттер қатарынан берік орын алды. Дәлірек айтқанда, ел 163 мемлекеттің ішінде 100-орынға тұрақтап, терроризм ықпалы тұрғысынан әлемдегі ең тыныш әрі тұрақты елдердің бірі ретінде танылды.
Бұл көрсеткіш ел аумағында соңғы жылдары террористік сипаттағы қауіп-қатердің тіркелмегенін, қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің мығым әрі орнықты қалыптасқанын аңғартады.
Халықаралық сарапшылар мұны радикалды идеологияның таралуына қарсы жүйелі саясат пен алдын алу шараларының күшеюімен байланыстырады.
Қазақстанмен қатар Қырғызстан мен Түрікменстан да нөлдік межеге жетіп, Орталық Азия кеңістігінде терроризм ықпалының төмен деңгейде екенін көрсетті. Өзбекстан 0,233 балмен 90-орынға жайғасса, ал Тәжікстан 0,999 көрсеткішпен 70-орында тұр. Терроризм қаупі ең жоғары елдер қатарында Буркина-Фасо, Пәкістан және Сирия аталды.
Есепке сәйкес, жаһандық деңгейде терроризм мәселесі әлі де толық еңсерілген жоқ. 2024 жылы террористік оқиғалар тіркелген елдер саны 58-ден 66-ға дейін артқан. 45 мемлекетте жағдай ушыға түссе, 34 елде керісінше оң динамика байқалған. Терроризм салдарынан қаза тапқандар саны 7 555 адамға дейін азайғанымен, қатер түбегейлі сейілмеген.
Айта кетейік, Global Terrorism Index 163 елді төрт негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды: террористік оқиғалар саны, қаза тапқандар, жараланғандар және кепілге алынғандар.
Тақырыпқа тұздық болсын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері Қазақстанда террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар үшін 17 адам сотталған. Ал өткен жылы терроризм мен діни экстремизмге қатысы бар 43 адамға сот үкімі шыққан.
Сондай ақ, ел аумағына кіруге әрекет жасаған терроризм мен экстремизмге қатысы бар 212 шетелдіктің жолы кесілді. Бұдан бөлек, 1498 радикалға Қазақстанға кіруге тыйым салынған. Іздеуде жүрген террористік және экстремистік қылмыстарға қатысы бар 12 шетел азаматы анықталды.