Қазақстан «Теңізшевройлмен» келісімді ұзарту үшін $10 млрд талап етті

Қазақстан Теңіз мұнай кен орнын игеру туралы келісімді 2033 жылдан кейін ұзарту жөнінде инвесторларға жаңа шарттар ұсынды. Үкімет біржолғы $10 млрд төлем жасауды және «Теңізшевройлдағы» мемлекеттік үлесті 20%-дан 35%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.

Теңізшевройл

Астана, NEGE. Bloomberg мәліметіне қарағанда, келіссөздер 2025 жылдың қыркүйегінен бері жалғасып келеді. Тараптар әзірге түпкілікті келісімге келген жоқ. 

Қазіргі уақытта «Теңізшевройл» компаниясының 50%-ы Chevron-ға, 25%-ы ExxonMobil-ға, 20%-ы «ҚазМұнайГазға» тиесілі. Қалған 5% «Лукойлмен» байланысты құрылымның үлесінде.

Егер $10 млрд көлеміндегі төлем бойынша келісім жасалса, бұл қаражаттың жоба қатысушылары арасында қалай бөлінетіні әзірге белгісіз. Сонымен қатар Қазақстанның «Лукойл» үлесін сатып алу мүмкіндігі де талқыланған. Алайда ресейлік компания активтен шығуға ниетті емес екенін мәлімдеген.

Қазақстанның позициясы күшейген

Bloomberg бағалауынша, қазіргі жағдайда Қазақстанның келіссөздердегі позициясын күшейтетін факторлардың бірі – ел мұнайының Еуропа нарығы үшін маңызының артуы. Бұған Таяу Шығыстағы жеткізілімдерге қатысты тәуекелдер де әсер еткен.

Сонымен бірге Теңіз кен орны өндірістің шарықтау шегіне жақындап келеді. Кейін мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 500 мың баррельге дейін төмендеуі мүмкін. Кен орнын игеру мұнай құрамындағы күкіртсутектің жоғары болуына байланысты технологиялық тұрғыдан күрделі саналады.

Айта кетейік, Қазақстанның Теңіздегі үлесін арттыру мәселесі бұған дейін де көтерілген болатын. 2025 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы ірі мұнай-газ келісімдері бойынша ел үшін тиімдірек шарттарға қол жеткізуді тапсырған еді.