Қазақстан соңғы 15 жылдағы ең мол астықтың бірін жинады

Қазақстанда биыл 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы кезеңде бұдан мол өнім тек екі рет алынған.

gov.kz

Астана, NEGE. 2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша астықтың көлемімен қатар сапасы да жоғары болған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, элеваторларға өткізілген жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы үшінші санатқа жатады. Ал зерттелген бидай үлгілерінің 48%-ында дән маңызының мөлшері 28%-дан асқан.

Әсіресе Ақмола облысында астық сапасы жоғары. Өңірде үшінші санаттағы бидайдың үлесі 90%-ға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жеткен.

Астық экспорты да артқан

Соңғы екі маркетингтік жылда Қазақстан шетелге тиісінше 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттаған. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіштер.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, биыл 1 қыркүйектен 19 қазанға дейін елден 1,657 млн тонна астық шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп.

Шаруаларға қандай қолдау көрсетілді?

Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығында минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі үш есеге жуық артқан.

2025 жылы шаруалар 1,8 млн тонна тыңайтқыш қолданса, биыл жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасын егістікке енгізген. Элиталық тұқымдардың үлесі 12%-ға жеткен.

Биыл егін жинауға 130 мыңнан астам трактор, 29 мың комбайн, 17 мың жатка және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылды.

Техниканы жаңарту жұмыстарының нәтижесінде оның тозу деңгейі 2023 жылғы 85%-дан 2025 жылы 65%-ға дейін төмендеген.

Сондай-ақ жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы шаруалар 12,7 мыңнан астам трактор мен 2340 комбайн сатып алған.

Мемлекет алдағы уақытта да шаруаларды жеңілдетілген несиемен, техникамен, сапалы тұқым және тыңайтқышпен қамтамасыз етуге басымдық бермек. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып, Қазақстанның экспорттық мүмкіндігін кеңейту.