Қазақстан Roblox платформасын App Store мен Google Play-ден жоюды сұрады
Мәдениет және ақпарат министрлігі Roblox платформасын өшіру туралы App Store және Google Play Market әкімшілігіне хат жолдады, – деп жазады Bes.media сайты.
Астана, NEGE. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті 2025 жыл ішінде Roblox ойынын бұғаттау туралы прокуратура мен ІІМ-ге екі өтініш түскенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтардың өтініштерінен кейін ведомствода Roblox материалдарына құқықтық талдау жүргізілгенін айтқан.
«Жүргізілген талдау нәтижесінде министрлік интернет-ресурстың әкімшілігіне суицидті насихаттайтын ақпаратты таратуға қатысты ескерту хаттарын жолдады. Осыған байланысты App Store және Google Play онлайн-платформаларының әкімшілігіне бұл платформаларда орналастырылған қолданбаны жою шараларын қабылдауы үшін ескерту хаты жіберілді», – деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, Roblox – пайдаланушылар өз ойындары мен кейіпкерлерін өзі жасай алатын онлайн-платформа, 2006 жылы іске қосылған. Қазір платформаны он миллиондаған пайдаланушы қолданады.