10 октября 2025 г. 14:11

Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі

Фото: Ақорда

Жиынға қатысушыларға ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған тәжік тарапы мен Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты.

Алматы, NEGE.  – Тәжікстанның табысты төрағалығы Ұйымның әлеуетін нығайтуға, көпжоспарлы ынтымақтастығымызды тереңдетуге үлкен үлес қосты. Бұл саммит Қазақстанда халықаралық беделді ұйым саналатын ТМД жұмысына үлкен серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіп жатқанын еске салды.

– Барлық мемлекеттің дамуына жол ашатын жалпыадамзаттық құндылықтарды ауыр жағдайда қорғаған әкелеріміз бен аналарымыздың, жеңімпаз ұрпақтың өшпес ерлігін қазақстандықтар қастер тұтады. ТМД аумағында, соның ішінде Қазақстанда айтулы мерейтой лайықты деңгейде аталып өтті. Мерекелік іс-шаралардың шырқау шегі Мәскеу мен Бейжіңде өткен ауқымды әрі мазмұнды салтанатты шерулер болды. Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстың қаһармандары мен барша қатысушысын жадымызда мәңгі сақтау – моральдік парызымыз. Фашизмді жермен-жексен еткен Ұлы Жеңіске 80 жыл толса да, өкінішке қарай, әлем салдары ауыр тиетін жаһандық қақтығыс қаупімен тағы да бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын бұрмалауға, фашизмді тойтарған Ұлы Жеңістің тарихи маңызын төмендетуге қатысты әрекеттерге қарсы. Халықаралық құқықтың іргесі сөгіле бастағанын, қақтығысқан мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі әбден төмендегенін, көзқарастар қайшылығы күшейе түскенін, көпжақты дипломатияның дағдарысқа ұшырағанын, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік әлеуеті әлсірегенін алаңдаушылықпен қабылдаймыз. Осындай геосаяси дүрбелеңдер жағдайында барлық қақтығыс факторын жою үшін ТМД елдері мен барша жақтастарымыздың күш біріктіруі өте өзекті. Мұны өзара түсіністік пен жан-жақты ойластырылған іс-қимыл арқылы шешуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.