15 января 2026 г. 11:02

Қазақстан паспорты әлемдік рейтингтегі орнын нығайта түсті

Фото: gov.kz

Британиялық Henley & Partners компаниясы әлемдегі ең қуатты төлқұжаттардың 2026 жылғы рейтингін жариялады – Қазақстан паспорты 61-орынға тұрақтады.

Астана, NEGE. Henley & Partners жариялаған рейтинг бойынша, әлемдегі ең ықпалды паспорт Сингапурға тиесілі екен. Одан кейін Жапония және Оңтүстік Корея елдері тұр. Мәселен, Сингапур азаматтары компания индексіндегі 227 ел мен аумақтың 192-сіне визасыз кіре алады. Жапония мен Оңтүстік Корея азаматтарына 188 елге визасыз кіруге рұқсат берілген.

Үшінші орынды Дания, Люксембург, Испания, Швеция және Швейцария елдерінің паспорты иеленген.  Бұл мемлекеттердің азаматтары 186 ел мен аумаққа визасыз бара алады.

Қазақстан паспортының да халықаралық рейтингтегі позициясы нығая түскен. Биыл ол бірден төрт сатыға жоғарылап, 61-орынға көтерілді. Қазақстан азаматтары 78 елге визасыз саяхаттай алады. Бұл – Қазақстан үшін 2006 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Дәл сол жылы Қазақстан рейтингке алғаш рет енген болатын.

Ең төменгі нәтиже 2015 жылы тіркелді. Сол жылы еліміз 76-орынға дейін төмендеген.

Ал ең соңғы орында Ауғанстан тұр – бұл елдің паспортымен небәрі 24 мемлекетке ғана визасыз кіруге болады.