Қазақстан NCOC басшысына қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертті

Қазақстан билігі Қашаған жобасы операторының басшысына 2,3 трлн теңге көлеміндегі экологиялық айыппұл төленбеген жағдайда қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті.

NCOC баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік дереккөздердің мәліметінше, Қашаған теңіз кен орнын игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) 2,3 трлн теңге (4,92 млрд доллар) көлеміндегі экологиялық айыппұлды әлі төлеген жоқ. Бұл айыппұл консорциумға 2023 жылы күкіртті сақтау тәртібін бұзғаны үшін салынған.

Дереккөздер ұсынған құжатқа сәйкес, Қазақстанның Әділет министрлігі NCOC-тың басқарушы директоры Джанкарло Руиуға талаптарды орындамағаны үшін «әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік» қарастырылатынын ескерткен.

Агенттік бұл ескерту Қазақстан билігі мен бірнеше мұнай кен орнын игеріп жатқан халықаралық мұнай компаниялары арасындағы ұзаққа созылған құқықтық даудың ушыға түскенін білдіреді деп жазады.

Ал NCOC және оның мердігерлері бұл айыппұл мен өздеріне тағылған айыптарды мойындамай отыр. Қазіргі уақытта бұл іс халықаралық арбитражда қаралып жатыр.

Айта кетейік, таяуда NCOC Халықаралық арбитраждық трибунал Қазақстанға Қашаған кен орнындағы экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салынған айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға уақытша тыйым салатын қаулы шығарғанын мәлімдеген болатын.

Қазақстанның Әділет министрлігі NCOC-тың «UNCITRAL арбитражы экологиялық айыппұлдарды өндіріп алуға тыйым салды» деген мәлімдемесіне жауап беріп, мұның негізсіз екенін алға тартты.

Бұл ретте Әділет министрлігі UNCITRAL аясындағы арбитраж инвестициялық арбитраж (ISDS) емес, коммерциялық арбитраж екенін, сондай-ақ шетелдік коммерциялық арбитраждың қамтамасыз ету шарасы Қазақстан аумағында автоматты түрде заңды күшке ие болмайтынын алға тартты.