18 мая 2025 г. 14:09

Қазақстан музейлерінің қорында 4,5 миллионнан астам құнды жәдігер бар – Министр

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Халықаралық музей күнімен құттықтады. 

Алматы, NEGE. Құрметті достар! Бүгін әлем жұртшылығы тарих пен мәдениеттің, ұрпақ жадының аманатшыларына арналған мереке – Халықаралық музей күнін атап өтуде.

Қазіргі таңда елімізде 275 музей жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы халқымыздың бай тарихи-мәдени және археологиялық мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуде айрықша орын алады.

Музей – бұл өткен мен бүгінді жалғайтын, тарих пен құндылықтар қайта тыныс алатын ерекше рухани кеңістік, – деді министр.

Ол сөзіне Қазақстан музейлерінің қорында 4,5 миллионнан астам құнды жәдігер сақтаулы тұрғандығын атап өтті. Олардың қатарында «Алтын адам», «Тақсай ханшайымы» секілді бірегей тарихи артефактілермен қатар, Страдивари мен Гварнеридің сирек музыкалық аспаптары сынды жауһар дүниелер бар.

Мемлекет басшысының айрықша қолдауы мен қамқорлығының нәтижесінде биыл еліміздің екі жетекші музейіне – Орталық мемлекеттік музей мен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне «Ұлттық» мәртебе берілді.

Бұл – аталмыш мекемелердің еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен ілгерілету ісіндегі өлшеусіз еңбегін айғақтайтын маңызды қадам.

Отырар, Сауран, Маңғыстау өңірінің ескерткіштері сияқты ашық аспан астындағы музейлер бүгінде тарихи-рухани маңызы зор орындар ғана емес, сондай-ақ ғылыми-ағартушылық орталықтарға айналып отыр.

Бұл жерлер арқылы халқымыздың терең тарихына бетпе-бет келіп, оның болмысын жан-тәнімізбен сезінеміз.

Музейлеріміз – тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар зерттеу, ағарту және қалпына келтіру жұмыстарын қатар жүргізетін маңызды орталықтар. Олар ұрпақтар жадын мұқият сақтап, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір қызметін атқарады.

Өткен жылдың өзінде Қазақстан музейлерін 6,6 миллионнан астам адам аралаған. Бұл – қоғамымызда музейге деген қызығушылықтың, тарихи таным мен мәдени мұраға деген құрметтің артып келе жатқанын көрсетеді.

Биыл елімізде Қытай мен Германия музейлерімен бірлескен халықаралық бастамалар, әйгілі Третьяков галереясында өтетін отандық өнер туындыларының көрмесі секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.

 – Осы орайда, музей саласында қажырлы еңбек етіп жүрген барша мамандарға – ерен еңбектеріңіз, жанашырлықтарыңыз, шығармашылық ізденістеріңіз бен мамандыққа деген адалдығыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін!

Құрметті достар!

Мерекелеріңіз құтты болсын! Әрбір музейге сапарыңыз тың таным мен ерекше әсерге толы болғай!, – деді Аида Балаева.