Қазақстан мұнай өңдеу көлемін 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін арттырмақ

Қазақстан 2040 жылға қарай мұнай өңдеу көлемін екі еседен астам арттырып, мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасын қазіргі 5:1 көрсеткішінен 2,5:1-ге дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

freepik.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Энергетика министрлігінің Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының басшысы Назым Бекбатырова 2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын таныстыру барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, тұжырымдама мұнай өңдеу қуаттарын кезең-кезеңімен жаңғыртуға және кеңейтуге, мұнайды өңдеу тереңдігін арттыруға, мұнай өнімдерінің сапасын жақсартуға және мұнай-химия өндірісін дамытуға бағытталған. 

«Көзделген шараларды іске асыру мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін арттыруға, ал мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасын 5:1-ден 2,5:1-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді министрлік өкілі «Орталық Азия және Каспий мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу – 2026» саммитінде.

Бұл ретте қажетті инвестиция көлемі 15-19 млрд долларға бағаланып отыр. 

Сондай-ақ 2040 жылға дейінгі негізгі нысаналы көрсеткіштердің қатарында мұнай өңдеу қуатын кеңейту, мұнайды өңдеу тереңдігін 89%-дан 94%-ға дейін арттыру, мотор отынының сапасын К5+ экологиялық стандартына дейін жақсарту, сондай-ақ бензол мен параксилол өндірісін ұлғайту көзделген.