Қазақстан мен WADA допингке қарсы күресте күш біріктірмек

Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті. Халықаралық жиынға WADA президенті Витольд Банька мен агенттіктің бас директоры Оливер Неггли, 50-ден астам елдің өкілдері және Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

Туризм және спорт министрлігі

Астана, NEGE. Министрліктің хабарлауынша, жиында допингке қарсы күрестің жаһандық жүйесін жетілдіру, Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің талаптарын орындау, таза спортты қорғау, спортшылар арасында допингке қарсы білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелері талқыланды.

Жиында сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов Қазақстан үшін WADA-ның басқарушы органының отырысын өткізу үлкен мәртебе екенін атап өтіп, Қазақстан таза спорт қағидаттарын берік ұстанатынын жеткізді.

«Қазақстан үшін таза спорт – ең алдымен әділдік пен тең мүмкіндік. Әр спортшы жеңіске адал еңбегімен жетуі керек», – деді министр.

Сондай-ақ ол Қазақстанда ұлттық допингке қарсы жүйені нығайтуға, халықаралық талаптарды енгізуге және жас спортшылар арасында допингке қарсы мәдениетті қалыптастыруға көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Министр Астанадағы кездесу спортшылардың құқығын қорғау, баршаға тең жағдай жасау және спортқа деген сенімді арттыру бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Баньканың Қазақстанға сапарынан кейін жандана түсті. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны Қазақстандағы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған болатын.

Биыл Ербол Мырзабосынов пен Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат допингке қарсы білім беру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық тәжірибе алмасу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.