6 мая 2025 г. 15:44

Қазақстан мен Вьетнам арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасалды

Фото: Ақорда

2024 – 2025 жылдары атап өтілетін Вьетнамның көрнекті партия және мемлекет басшысы Хо Ши Миннің Қазақстанға ресми сапарының 65 жылдығына орай, 2027 жылы атап өтілетін Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 35 жылдығы қарсаңында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам 2025 жылғы 6 – 7 мамырда Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келді.

Астана, NEGE. Сапар барысында Бас хатшы То Лам Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізіп, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да ресми тұлғаларымен кездесулер өткізді.

Екі елдің көшбасшылары (бұдан әрі – тараптар) Қазақстан мен Вьетнам арасындағы соңғы жылдары белсенді түрде кеңейіп, нығайып келе жатқан дәстүрлі достық пен ынтымақтастыққа жоғары баға берді;

болашақта екіжақты байланыстарды дамыту, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша мазмұнды және жан-жақты талқылаулар өткізді;

Қазақстан мен Вьетнам бір-біріне өз өңірлеріндегі аса маңызды серіктес екенін растады;

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге келісті;

жақын болашақта екі ел арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту мен одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті;

Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы халықтары арасындағы жылы байланыстардың негізінде екі ел арасында берік, оң және көп қырлы қарым-қатынас қалыптасты.

Тараптар:

Қазақстан-Вьетнам қатынастарын дамыту мен тереңдету екі халықтың ортақ мүдделеріне сай келетіндігімен, өңірде және әлемде бейбітшілікті, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатындығымен келісті.

екіжақты қатынастарды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге және ынтымақтастықты арттыруды төмендегідей сипатта одан әрі жалғастыруға келісті:

I. Саяси ынтымақтастық пен дипломатияны нығайту

Тараптар:

партия, мемлекет, үкімет және парламент арналары бойынша барлық деңгейде делегациялар алмасуға және байланыстарды жандандыруға;

Қазақстан мен Вьетнам халықтары арасындағы тығыз қарым-қатынасты кеңейтуді қолдауға және екі елдің министрліктері, ведомстволары мен жергілікті билік органдары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа нысандарын құру туралы мәселені қарастыруға келісті.

Тараптар:

делегация алмасуды ұлғайтуды, әсіресе аға басшылар арасында, екі ел серіктестігінің жаңа шеңберіне сәйкес бейінді комитеттер, жас депутаттар мен әйел парламентшілер топтары арасында екіжақты және көпжақты байланыстарды қоса алғанда, заң шығарушы органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға;

жақын арада екі заң шығарушы орган арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мүмкіндігін қарастыруға;

сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялардың тиімділігін арттыруға келісті;

екіжақты ынтымақтастық, сыртқы саясат мәселелері, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық проблемалар бойынша тұрақты пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті.

II. Ұлттық қорғаныс, қауіпсіздік және құқық саласындағы ынтымақтастықты кеңейту

Ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік

Екі елдің көшбасшылары қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жолға қою жолдарын қарастыруға;

қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қоюға ұмтыла отырып, ынтымақтастық шеңберін нығайтуға жәрдемдесуге, сондай-ақ кадрларды даярлау және БҰҰ бітімгершілік операциялары саласындағы ынтымақтастық жасау мүмкіндіктерін зерделеуге келісті.

Тараптар қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімдердің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Екі елдің көшбасшылары қауіпсіздік саласындағы және қылмысқа қарсы күрес мәселелеріндегі ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою, ынтымақтастықты нығайту, ақпарат алмасу және қорғаныс технологияларын беру жөніндегі келіссөздерді ілгерілетуге;

екі елдің ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді бағалау мен болжауда ынтымақтасуға келісті.

Сот төрелігі

Тараптар сот төрелігі саласындағы үйлестіру мен ынтымақтастықты нығайтуға, қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімдерді тиімді орындауға және жаңа құжаттарға қол қою мүмкіндігін зерделеуге келісті;

сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы күрестің маңыздылығын растады;

ақпарат алмасу, әлеуетті арттыру және мемлекеттік басқаруда ашықтық пен адалдықты ілгерілету арқылы ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

III. Экономикалық, сауда, инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту

Тараптар экономикалық ынтымақтастықты нысаналы, тиімді және жан-жақты дамытуға келісті;

қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімдерді іске асыруды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті;

Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімділігін арттыру жөніндегі күш-жігерді құптады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасы мен Вьетнам Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде сауданы дамытуға жәрдемдесу және іскерлік байланыстарды нығайту үшін Қазақстан мен Вьетнам бірлескен іскерлік кеңесінің құрылуы мен оның рөлін ілгерілетуді қолдады;

инвестициялық және іскерлік ахуалды жақсартуға, Инвестицияларды көтермелеу мен қорғау туралы жаңа келісімге, сондай-ақ Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қою мүмкіндігін қарастыруға келісті;

Вьетнамнан Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) тауарлардың экспортына және керісінше жүзеге асырылуына жәрдемдесуге көбірек көңіл бөліп, ЕАЭО шеңберінде неғұрлым тиімді үйлестіру мен өзара қолдауды қамтамасыз етуге келісті;

құрылыс, халықаралық қаржы орталықтарын басқару және оларды пайдалану саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды ілгерілетуге; сондай-ақ осындай орталықтардың қызметін қамтамасыз ету үшін кадрлар даярлауды қолдауға келісті.

IV. Ауыл шаруашылығы, ғылым, технологиялар, цифрлық трансформация, энергетика, мәдениет, спорт, туризм, білім, еңбек және қоршаған орта салаларындағы жан-жақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу

Ауыл шаруашылығы

Тараптар Үкіметаралық комиссия шеңберіндегі қызмет арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын жаңғыртуды ілгерілетуге келісті;

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы ветеринариялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуын құптап, оны ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам деп санады;

жақын болашақта серіктестікті одан әрі тереңдету үшін басқа да құралдардың әзірлену мүмкіндігімен келісті.

Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибемен және практикалық жетістіктермен алмасуды арттыруға;

ауыл шаруашылығы өнімін өзара экспорттауға ықпал ететін нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру мүмкіндігін зерделеуге;

ауыл шаруашылығы секторында зерттеулер мен жоғары технологияларды қолдануды қолдауға;

екі жақты тауар айналымын ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы, орман және балық өнімдері нарықтарының ашылуына жәрдемдесуге келісті.

Ғылым, технология және цифрлық трансформация

Тараптар Үкіметаралық комиссия шеңберінде келісімдер мен міндеттемелерді практикалық тұрғыдан іске асыруға жәрдемдесуге, оның ішінде ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитет құру мәселесін қарастыруға;

жоғары технологияларды, цифрлық технологияларды, инновациялар мен цифрлық инфрақұрылымды зерттеу және әзірлеу саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға, оның ішінде осы салаларда ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қоюға жәрдемдесуге;

ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласында екі елдің тиісті ведомстволары арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Көлік

Қазақстан Вьетнам тарапын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі мемлекеттер қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті және Вьетнам тарапына өзінің экспорттық тауарларын Қазақстан аумағы арқылы әртүрлі бағыттарда жеткізу үшін Орта дәлізді пайдалану мүмкіндігін зерделеуді ұсынды.

Тараптар 2024 жылғы 24 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, вьетнамдық «Sovico Group» конгломераты мен оның жергілікті серіктесі арасындағы «Qazaq Air-ді» сатып алу-сату мәмілесі бойынша міндетті құжаттамаға қол қойылуын жоғары бағалайды;

жақын болашақта екі ел арасындағы саудаға, инвестицияларға, туризмге және адамдар арасындағы гуманитарлық байланыстарға жәрдемдесу мақсатындағы осы саладағы осыған ұқсас ынтымақтастықты көтермелейді.

Энергетика – пайдалы қазбаларды өндіру

Тараптар мұнай мен газды барлау және мұнай-газ қызметтерін ұсыну салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға;

таза және жаңартылатын энергияны қоса алғанда, энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін әлеуетті және ықтимал шешімдерді зерделеуге;

жаңа құжаттарға қол қою мүмкіндігін күшейтуге;

шикізат пен отын көздерін әртараптандыру үшін өндіру саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге келісті.

Мәдениет және спорт

Тараптар 2015 жылы қол қойылған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ілгерілетуді жалғастыруға;

екі ел арасындағы мәдени, көркемөнер және спорт делегацияларымен алмасуды ұлғайтуға;

бір-бірінің мықты спорт түрлері (футзал, волейбол және т.б.) бойынша спортшылар даярлауды қамтамасыз етуге ниетті екендігін білдірді.

2025 жылы Қазақстанда Вьетнамның мәдениет күндерін және 2026 жылы Вьетнамда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Туризм

Тараптар қол қойылған құжаттарды одан әрі ілгерілетудің;

Тараптардың әрқайсысының туристік әлеуетін және бірегей басымдықтарын ілгерілетуді жандандырудың;

саясат және туризмді басқару саласында тәжірибемен және ақпаратпен белсенді түрде алмасу қажеттілігін атап өтті.

Білім

Тараптар 2009 жылы қол қойылған Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және 2011 жылы қол қойылған Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама шеңберінде ынтымақтастықты жандандыруға, оның ішінде Тараптардың әрқайсысының қажеттіліктері мен оқу бағыттарына сәйкес олардың студенттеріне гранттар беру мүмкіндігін қарастыруға;

студенттердің, оқытушылар мен зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын қоса алғанда, жан-жақты және тұрақты ынтымақтастықты, алмасулардың ауқымын кеңейтуді, сондай-ақ Қазақстанда да, Вьетнамда да жоғары білікті мамандарды даярлауда өзара іс-қимылды күшейтуді көтермелеуге келісті.

Еңбек

Тараптар 2010 жылы қол қойылған Қазақстан азаматтарының Вьетнамдағы және Вьетнам азаматтарының Қазақстандағы уақытша еңбек қызметі туралы келісім негізінде екі тараптың еңбек нарығына мұқтаж салалар мен секторларда жұмыс күшімен алмасудың ауқымын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Қоршаған орта

Екі елдің көшбасшылары шөлейттену мен көгалдандыру шараларын қоса алғанда, климаттың өзгеруіне ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігерді арттыруға;

климаттың өзгеруіне бейімделу, қоршаған ортаны қорғау және жасыл желек өсіру жөніндегі бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыру мүмкіндігін зерделеуге келісті.

V. Екіжақты өңіраралық ынтымақтастық пен адамдар арасындағы алмасуды нығайту

Тараптар тығыз ынтымақтастық орнатуды жоғары бағалады және екі ел арасындағы ынтымақтастықты жергілікті деңгейде одан әрі дамытуға келісті, атап айтқанда, 2012 жылы Астана мен Ханой қалалары арасында; 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Бак Нинь провинциясы арасында; 2025 жылы Ақтау мен Да Нанг қалалары арасында, сондай-ақ осы мемлекеттік сапар шеңберінде басқа елді мекендер арасында орнаған бауырластық қатынастарды атап өтті.

VI. Өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту

Тараптар елдер арасындағы өңірлік және халықаралық ұйымдардағы тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалады, сондай-ақ БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз өзара іс-қимыл мен өзара қолдауды жалғастыруға, өңірлік қауіпсіздік пен саясат мәселелері және өзара мүддені білдіретін халықаралық күн тәртібіндегі жағдайлар бойынша тұрақты пікір алмасуға ниетті;

БҰҰ, АӨСШК, АСЕМ, ДСҰ, Еуразиялық экономикалық одақ және басқа халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Вьетнам тарапы көпір ретінде әрекет етуге және АСЕАН-мен, сондай-ақ АСЕАН-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайтуда Қазақстанға қолдау көрсетуге дайындығын растады;

климаттың өзгеруі, терроризм, трансұлттық қылмыс сияқты қауіпсіздіктің дәстүрлі емес қауіп-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруының таралуын болғызбау үшін ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Вьетнам «Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенцияны» нығайту жөніндегі, оның ішінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру мүмкіндігі және басқа да институционалдық тетіктер арқылы нығайту жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін қолдайды.

Тараптар қоршаған ортаны қорғау, шөлейттенуге қарсы күрес және климаттың өзгеруіне ден қою жөніндегі жаһандық күш-жігерге өздерінің үлесін қоса отырып, халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты кеңейтуге келісті;

халықаралық және өңірлік мәселелер, оның ішінде Оңтүстік-Қытай теңізіндегі жағдай туралы пікір алмасты; тиісті өңірлердегі бейбіт жағдайды, қауіпсіздік пен тұрақтылықты ұстап тұрудың, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы негізінде дауларды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.

Бас хатшы То Ламның Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары дәстүрлі достықты нығайтады, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне негіз болады және Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өңірдегі бейбітшілік, тұрақтылық және даму жолындағы екі ел халықтарының мүддесі үшін тиімді және практикалық ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашады деп келісті.

Бас хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына мемлекеттік сапар барысында жоғары дәрежелі Вьетнам делегациясына көрсеткен жылы қонақжайлылығы үшін шынайы алғысын білдірді.

Бірлескен мәлімдеме 2025 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасының Астана қаласында қазақ, вьетнам және ағылшын тілдерінде қабылданды.