27 сентября 2025 г. 9:10

Қазақстан мен Түркия жүк тасымалдау саласында бірқатар маңызды келісімге келді

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Түркістанда халықаралық автомобиль тасымалдары мәселелері бойынша Қазақстан-Түркия комиссиясының отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.  

Алматы, NEGE. Қазақстан мен Түркия автокөлікпен жүк тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін бірқатар маңызды келісімге келді.

Атап айтқанда:

1. Тараптар транзиттік тасымалдарға арналған рұқсат жүйесін жою және еркін транзитке көшу туралы келісімге келді. Халықаралық келісімге өзгерістер енгізілгенге дейін транзиттік бланкілер шектеусіз беріле береді.

2. Түркия қазақстандық тасымалдаушыларға өз теңіз порттарында жүктерді тиеу мен түсіру мүмкіндігін береді. Бұған дейін бұл тек түрік компанияларына ғана тиесілі ереже болатын.

3. Рұқсат беру бланкілерімен алмасу енді цифрлық форматқа ауыстырылады. Бұл жұмыс биылғы жылдың соңына дейін атқарылады. Еске салсақ, бұған дейін Қытай және Өзбекстан елдерімен шетелдік рұқсат беру бланкілерімен алмасу электрондық форматқа ауыстырылған еді. Бұл — жүк тасымалдау үдерісін барынша жеңілдетіп, адами факторды жоюға мүмкіндік береді.

Қол қойылған хаттама Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзиттік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді.