Қазақстан мен Ресейдің келесі медиафорумы Астанада өтеді

3 тамызда Санкт-Петербургте ІІІ Қазақстан–Ресей медиафорумы өтті. Жиында жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың дамуы, жаңа технологияларды қолдану және жалған ақпаратпен күресу мәселелері талқыланды.

Kazinform

Астана, NEGE. Форумға екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Олар ақпарат тарату тәсілдері жылдам өзгеріп жатқан кезеңде медиа саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды.

Іс-шара ТАСС агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйымдастырған «Ғарышты игеру: ресейлік және қазақстандық фотографтардың көзімен» атты фотокөрмемен ашылды. Көрмеге Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы мен ғарышты игерудің маңызды кезеңдерін бейнелейтін фотосуреттер қойылды.

Kazinform

Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева Байқоңырды екі елдің ортақ тарихын, ғылыми прогресс пен адам ерлігін бейнелейтін нысан деп атады. Оның айтуынша, кәсіби диалог пен медиа саласындағы байланыс өзара сенімді нығайтып, тарихи жадты сақтауға мүмкіндік береді.

Форумда жалған ақпаратқа қарсы бірлесіп күресу мәселесіне ерекше назар аударылды.

ТАСС бас директоры Андрей Кондрашов Халықаралық фактчекинг қауымдастығы мен Қазақстандағы дезинформацияға қарсы күрес орталығы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасауды ұсынды. Қазақстан тарапы бұл бастаманы қолдап, журналистік стандарттарды сақтау, фактчекинг мәдениетін дамыту және халықтың медиасауатын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Әкімшілігінің коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Қанат Күлшманов жасанды интеллект жалған контентті санаулы минут ішінде жасап, оны кең көлемде таратуға мүмкіндік беретінін айтты. Ал мұндай ақпаратты тексеру мен дәлелді түрде теріске шығару көп уақытты қажет етеді. Сондықтан ол екі елді тұрақты диалог орнатып, дезинформацияға қарсы ортақ шешімдер әзірлеуге шақырды.

Kazinform

Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстан мен Ресейдің медиа саласындағы маңызды бағыттарының бірі бірлескен контент өндіру болуы керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жобалар екі ел арасындағы тарихи, мәдени және экономикалық байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Алғашқы Қазақстан–Ресей медиафорумы 2024 жылы Мәскеуде, екіншісі 2025 жылы Алматыда өткен. Санкт-Петербургтегі жиынның қорытындысында келесі, төртінші медиафорумды Астанада өткізу туралы шешім жарияланды.