Қазақстан мен Ресей өткізу бекеттерін жаңғырту және дамыту мәселелерін талқылады
Қазақстан мен Ресей шекарасында Ресей Федерациясы Көлік министрінің бірінші орынбасары Валентин Иванов пен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың қатысуымен көшпелі кеңес өтті.
Алматы, NEGE. Тараптар автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жөніндегі бірлескен жоспарларды өзектендіруді, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімін 2030–2032 жылдардан 2026–2027 жылдарға ауыстырып, жеделдету мәселесін талқылады.
Бұдан бөлек, автожол жобалары мен Ресей Федерациясына шығатын халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, соның ішінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру және сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту тұрғысынан стратегиялық маңызы бар «Солтүстік–Оңтүстік» бағытына ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында халықаралық автомобиль тасымалдары, жүк айналымы және пилотсыз көлік құралдары мәселелері де қаралды. Жекелеген өткізу бекеттеріндегі қазіргі жағдай талқыланып, Ресей тарапынан бұл мәселе құзыретті органдардың ерекше бақылауында екенін хабарлады.
Тиісті ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл жұмыс тәртібінде әрі конструктивті түрде жалғасып жатқаны атап өтілді.