Қазақстан мен Қытай заманауи ветеринариялық зертхана құру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асырды
Шығыс Қазақстан облысында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттырудың маңызды заманауи көпсалалы ветеринариялық зертхана ашылды.
Алматы, NEGE. Жоба Мемлекет басшысының Қытайға ресми сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде жүзеге асырылды.
Ашылу салтанатына Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чуньлинь қатысты.
«Зертхананың ашылуы – ғылым мен технологияны дамытуға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі. Жаңа орталық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына сенімдімін», – деп атап өтті министр.
Келісім шеңберінде Қытай үкіметі ШҚО әкімдігіне жалпы құны 840 млн теңге болатын 99 бірлік заманауи зертханалық жабдық пен жиһазды тапсырды.
Зертхана Қытай және халықаралық ISO 17025 стандарттарына сәйкес аккредиттелген, бұл ветеринариялық диагностика, сапаны бақылау және азық-түлік қауіпсіздігі саласында жоғары дәлдікті зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде техникалық кедергілерді жоюға және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай мен басқа да елдер нарығына экспорттауды кеңейтуге жағдай жасайды.
Нысан ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық ветеринариялық зертханасы филиалының базасында орналасқан.
Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік желілер жаңартылды, аумақ абаттандырылды.
Қытай мамандары жабдықты орнатып, баптауды жүзеге асырып, қазақстандық қызметкерлерді оқытты.
Жаңа зертхана жыл сайын аса қауіпті жұқпалар бойынша 550 мыңға дейін зерттеу және азық-түлік қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша 4 мыңға дейін талдау жүргізе алады.
Іс-шара аясында сондай-ақ Республикалық ветеринариялық зертхананың өңірлік филиалдары мен ШҚО ветеринариялық станцияларына арналған 22 бірлік қызметтік және арнайы техниканың кілттері табысталды.