Қазақстан мен Қытай арасында енді аптасына 152 рейс қатынайды

Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 124-тен 152-ге дейін арттыру жөнінде келісімге келді.

freepik.com

Астана, NEGE. Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті мен Қытайдың Азаматтық авиация басқармасы (CAAC) өкілдері арасындағы келіссөздер барысында, сондай-ақ, Қазақстанмен рейстерді орындау үшін Қытайдағы ірі пункттер тізімін Чунцин қаласын қоса алғанда, 11 қалаға жеткізу жөнінде келісім жасалды.

«Бұдан бөлек тараптар Астана мен Шанхай қалалары арасында, оның ішінде қытайлық әуе компаниялары орындайтын тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасында үшінші халықаралық әуе дәлізін құру мәселелерін талқылады», – делінген Азаматтық авиация комитеті хабарламасында.

Сонымен қатар кездесуде қазақстандық әуе тасымалдаушыларға рейстерді орындау үшін Қытай әуежайларынан слоттар бөлу және Қытайдың әуе кеңістігін пайдалану мәселелері қаралды.